Керамикалық бұйымдар шебері станогын қолдан құрастырып алған
Түркістан қаласының тұрғыны Абайхан Рысбаев үйінің жанынан керамика бұйымдарын жасайтын цех ашып алған. Саз балшықты илеп, құмыра, сазсырнай, балбалтас секілді түрлі заттар мен кәдесыйларды жасайды.
Өнімді жоғары температурада қыздырып, күйдіреді. Бояп, әрлейді. Ал, туристер шебердің бұйымдарын сатып алып қана қоймайды, құмыраның жасалу жолдарын көріп, кішігім мастер класқа қатысады.
Кез келген тұтынушының станокта отырып, саз балшықты иіріп, құмыра жасап көруіне мүмкіндігі бар. Сондықтан болар, Абайхан Рахманбердіұлын туристердің өздері іздеп келеді.
Абайхан Рысбаев Түркістан қаласының іргесіндегі Майдантал ауылында туып өскен. Бала кезінен-ақ қолөнерге жақын болыпты. Ағашты ойып, сымды иіп, түрлі ойыншықтар жасаумен шұғылданған. Оны көрген өзі секілді балалар «трактор, машина жасап бер» деп, бала шеберге өтініш жасайды. Қолының ебі бар ол, комбайнға дейін сымнан жасап, талай баланы тамсандырыпты.
«Біздің бала кезімізде ойыншық деген өте тапшы болатын. Туысқан әпкеме қуыршақтардың барлығын мен жасайтынмын. Ол үйшік жасап, қуыршақтарымен бір отбасының өмірін қойылым етіп ойнайтын. Бірде қой, сиыр керек екенін айтты. Ауыл маңайындағы балшықтан жасап бердім. Әпкем қатты қуанды»
, - дейді ол.
Абайхан Рахманбердіұлы Алматыда көркемсурет училищесінің керамика факультетін бітірді. Қайта жаңғырту шеберханасында, яғни реставрация саласында жұмыс істеді. Кейін жеке кәсібін бастауға ден қойған.
«Жасаған заттарымның ішінде ең қымбатқа өткендері - 600 мың теңге болды. Оны музейге тапсырыс беретіндер алды. Ал, үйге арналған заттарым сатылымда 10000-50000 теңгенің аралығында тұр»
, - дейді.
Шебер құмыраға қажетті саз балшықты Сауран топырағынан алып келеді. Лайдың сапасын жақсартып, созылмалылығы мен температураға төзімділігін арттыратын қоспаларды қосады. Содан соң станокта илеп, дайындайды.
«Керамикалық бұйымдарды жасауды көпшілік жеңіл көреді. Станокта отырып, лайды айналдырып, пішінді келтірсе болды, құмара дайын болады деп түсінеді. Жалпы, бұл - ұзақ процес. Сондықтан, керамист болу үшін зор төзімділік керек»
, - дейді шебер.
Абайхан Рысбаевтың керамика заттарын жасайтын үш станогы бар. Оның бірін өзі қолдан құрастырған. Сол станокпен екі рет Парижге барып, мастер класс өткізген. Ел аумағын аралап, көпшіліктің алдында құмыра жасап көрсеткен.
«Ол станоктың сызбасын өзім сыздым. Ағаш пен темірден жасап шықтым. Сирақтары алынып-салына береді. Ары-бері алып жүргенге ыңғайлы. Әлі күнге дейін сол станогымды пайдаланамын. Сонымен қатар, тағы германиялық екі станогым бар. Оларды көбінесе студенттерге үйреткенде және үйде зат жасағанда қолданамын»
, - дейді ол.
Абайхан Рахманбердіұлы жұбайы Жамиламен бүгінде 5 қыз, бір ұл өсіріп отыр. Бір қызы әке жолын қуып, керамист атанған. Қазір Түркістандағы туризм және меймандостық университетінде керамика пәнінен сабақ береді. Ал, қалған балалары өздері таңдаған кәсіптерінің кәнігі маманы. Жұбайы болса, әрдайым жолдасының қолдаушысы.
«Жеңгелеріңізді құмырамен «сындырғанбыз». Қыз кезінде туған күніне құмыра сыйладым. Кейін үйленген соң, сыйлаған құмырамды қайтып алып алдым»
, - дейді жастық шағын еске алған шебер әзіл-шыны аралас.
Ол бүгінде қазреставрация саласына да өзіндік үлесін қосып келеді. Бастапқы сынын жоғалтқан архитектуралық ескерткіштерді жөндеумен шұғылданады. Оюланған кірпіштер құяды. Қазба жүмыстарынан табылған археологиялық заттардың көшірмесін жасайды.
«Түркістанға шетелден қонақтар көп келеді. Алғашқы жылдары бізге қолөнершілер орталығын салып берген болатын. Мен де сол жерден бір бөлме алдым. Құмыра жасайтын ұршығымды қойып, қонақтардың көзінше ыдыс жасайтынмын. Шетелдіктердің қатты қызығушылық танытатын. Бізге, этноауылдан немесе кесене жанындағы ғимараттардың бірінен «Қолөнершілер орталығын» ашып берсе деген ұсынысымыз бар. Онда зергерлер мен ұсталар өз шеберліктерін көпшілікке көрсетіп, мастер кластар өткізер еді. Бұл Түркістанға келген қонақтардың да сұранысына ие болары сөзсіз»
, - дейді Абайхан Рысбаев.
Айта кетейік, бұған дейін жазғанымыздай, табиғат жанашырлары Түркістан өңіріндегі жауқазындар жойылып кетуі мүмкін деп дабыл қағып отыр.