Керекуден табылған «Қимақ күймесі» қалпына келтіріліп жатыр

Фото: Фото: Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қимақтар астанасы – Имақияның Ертіс-Баян төңірегінде болуы мүмкін деген ғылыми гипотеза жақын жылдарда шындыққа айналуы ғажап емес. Павлодар қаласы аумағынан табылған ерекше археологиялық олжаның бірі – «Қимақ күймесін» қазіргі уақытта ғалымдар қалпына келтіріп жатыр. Бұл туралы Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Археологиялық зерттеулер институтының директоры Тимур Смағұлов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында хабарлады.

Фото: Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті

Ғалымның айтуынша, қимақ күймесі – қазіргі Павлодар қаласы орналасқан жерде көне заманда Қимақтар елі салтанат құрғанын дәлелдейтін негізгі тарихи жәдігердің бірі.

- Оны алғаш табылған жылы журналистер қауымы «қимақ күймесі» деп атап кетті. Шын мәнінде ол – сол кезеңде өмір сүрген қимақтардың «көшпелі үйі». 2016 жылдың шілде айында Байдаладағы қорымдарды қазу барысында топырақ арасынан күйменің ағаш дөңгелегінің сұлбасы айқындала бастады. Бастапқыда біз арбаның бір бөлшегі болар деп аса мән бермегенбіз. Жұмыстарды жалғастырғанымызда екінші дөңгелегі шықты. Әлгі жерде тұтас жәдігер жатқанын түсіне қойдық та, оны тұтас қалпында алып шығу үшін көне мұраларды қалпына келтіруші, танымал ғалым-реставратор Қырым Алтынбекке хабарласты. Күймені топырақ арасынан тұтасымен алып шығу үшін бізге әуелі аршылған бөліктерін консервациялау қажет болды. Бұл үшін қазылған жердің үстіне өте көп көлемде балауыз құйып, жәдігерге күн мен жел, ауа өтпейтіндей еттік. Соңынан оны айналасындағы топырақпен үңгіп қазып, арнайы оқшаулағыш материалмен қаптап, блоктау әдісімен жоғарыға көтеріп алдық. Бұлай жасағанымызда оның жалпы салмағы 5 тоннадан асып кетті. Көтеретін кран табылмай, Ертіс өзені үстіне көпір салып жатқан құрылыс компаниясына жүгінуге мәжбүр болдық. Абырой болғанда, құрылысшылар бізге қолұшын берді. Сөйтіп оны топырағымен қоса қазіргі Марғұлан атындағы университетке жеткіздік. Компьютерлік томографияға түсіргенімізде ІХ-ХІ ғасырларға тиесілі қос дөңгелекті күйменің сұлбасы шыға келді, - деп әңгімеледі Т. Смағұлов.

Фото: Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті

Ертеде қимақтар көшіп жүруге ыңғайлы болуы үшін осындай «көшпелі үйлер» жасаған. Бұл күйме – Еуразия даласында ортағасырлық көшпелілердің көшпелі үйінің ең жақсы әрі тұтас сақталған жалғыз үлгісі. Барлық бөлігі ағаштан жасалған, металл мүлде қолданылмаған. Ғалымның сөзінше, тіпті оның білігі, дөңгелегіндегі шабақтары ерекше қатты ағаштардан жасалған. Дөңгелектері еркін айналуы үшін білік айналасына ерекше жақпамай жағылған тәрізді. Ал дөңгелегінің диаметрі – 60 см.

- Бұл біздің кинолардан көріп жүрген сақтардың, түркі халықтарының қос дөңгелекті арбасына мүлде ұқсамайды. Мүлде бөлек формада жасалған, ағаш тетіктері де ерекше. Жәдігердің жанынан шаңыраққа ұқсас ағаш бұйым табылды, оған уықтар шаншылып, ол арбаның үстіне қалқа ретінде тұрғызылған. Бұған қоса әлгі қорымда екі бірдей мола бар екені анықталды. Оның бірінен ер адамның сүйегі, жанына қойылған қанжары, кісе белбеуінің қалдықтары, басқа да заттар табылды. Біз соңғы жылдары археологиялық қазбада блокпен алу, яғни айналасындағы топырақпен бірге алу әдісін қолданып келеміз. Бұл мамандарымыз үшін уақыт үнемдеуге пайдалы. Жәдігерді зертханамызға әкелген соң, оны асықпай зерттеу мүмкіндігі бар. Жуықта Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті мен Қазақстан зоология институты базасында «Биоархеология» ғылыми орталығы ашылды. Жаңа орталық Қазақстан мен Ресей ғалымдарының бірлесуіне де жол ашып отыр. Энтомологтер топырақ арасындағы ежелгі жәндіктерді зерттеп, өз жаңалықтарымен бөліседі. Бұл – біз үшін мүлде жаңа бағыт. Қазірдің өзінде энтомологтер Байдаладағы обадан әкелінген топырақтан ежелгі қоңыздар мен шыбынның дернәсілдерін тапты. Жерленген адам өлген соң біраз уақыт жер қойнына тапсырылмай ұсталғанын, оны мумиялау жүргізілгенін білдік, - деді ғалым. 

Ал «Көпшелі үй» қазір Алматыда ғалымдар тарапынан зерттеліп, қалпына келтіріліп жатыр. Көп ұзамай өзге де жәдігерлермен бірге паш етіледі деген үмітіміз зор.

Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті