Керекулік соғыс ардагері 100 жасқа толды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Екінші дүниежүзіліс соғыс ардагері Василий Григораш 100 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Ол бейбіт заманда ловомотив депосында еңбек еткен.
Соғыс басталғанда Василий Иванович небәрі 17 жаста еді. Бозбала шағында Отан қорғауға майданға аттанып, 293-дивизияның 1034-атқыштар полкі құрамында Забайкалье әскери округіне жіберілді. Қатардағы жауынгерден бөлімше командиріне дейінгі майдан жолын абыроймен жүріп өтіп, жауапкершілік, төзімділік және нағыз жауынгерлік мінез көрсете білді.
Ерлігі мен жанқиярлығы үшін Василий Иванович ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен, сондай-ақ мерейтойлық наградалармен марапатталған. Соғыстан соң Павлодарға келіп, жарты ғасырдан астам уақытын локомотив депосындағы еңбекке арнаған. Ардагер бүгінде екі баласынан немере-шөберелер сүйіп отыр.
Ғасыр жасаған қарт майдангерді облыс әкімі Асайын Байханов құттықтады. Өңір басшысы ардагерге майдан даласындағы ерлігі мен соғыстан кейінгі көпжылдық адал еңбегі үшін ризашылығын білдіріп, мықты денсаулық, сергек көңіл-күй, жан жылуы мен амандық тіледі.
Еске сала кетейік, павлодарлық әскерилер тағы бір ардагерді ғасырлық мерейтойымен құттықтаған еді.