Керей мен Жәнібекті Алаш Бекбазари тәрбиелеген болуы мүмкін – Жақсылық Сәбитов

Фото: Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ хандығының бастауында тұрған Керей мен Жәнібекті әкелері Барақ пен Болат хандар өлгеннен кейін Алаш Бекбазари тәрбиелеген болуы мүмкін. Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбит Алтын Ордан дәуірінің нумизматикасын зерттеу деректері осындай болжамға әкелгенін айтады.

Кешеден бері Астанада «Жошы, Шағатай, Хайду ұлыстары мен Моғолстанның этносаяси тарихы» атты халықаралық ғылыми практикалық конференция өтіп жатыр.

Іс-шараны Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты ұйымдастырған. Осы ұйымның директоры Жақсылық Сәбитов Kazinform тілшісіне Алтын Орда дәуіріндегі нумизматиканы зерттеудің ғылыми маңызы туралы пайымын айтты. 

«Конференция кезінде тәуелсіз зерттеуші Роман Рева оқыған баяндама қызу пікірталас туғызды. Бұл ғалым бес жыл бұрын соғды хандарының монеталарын жарыққа шығарды. Ол бұған дейін Алаш Бекбазаридің монета сарайы туралы мақала жариялаған болатын. Бұл есімнің әйгілі Алашпен байланысы болуы мүмкін. Ол Жәнібек ханның әкесі Барақтың дәуіріндегі монеталарды басып шығарған тұлға болып есептеледі. Барақ пен Болат өлгеннен кейін осы Алаш Бекбазари Керей мен Жәнібекті тәрбиелеген болуы әбден мүмкін. 

Алматыда соңғы рет табылған бесінші қазына да тарихи тұрғыдан қызықты. Қазір осы монеталардың негізінде Сырдарияда билік құрған әулеттердің тарихы туралы пікірталас жүріп жатыр», - дейді тарихшы.

Ғалымның айтуынша, қазір ғылыми ортаға Алтын Орда кезінен қалған 1 миллионнан астам монета белгілі. 

«Оның бір бөлігі жеке қолда болса, бір бөлігі мемлекеттік мекемелер сақтап отыр. Монета деген тарихи білімнің тың көзі деуге болады. Жыл сайын бұрын белгісіз болған монеталар табылып жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрін көпшілік біліп жатқан жоқ. Өйткені ғылыми жаңалықтар ақпарат ағынынан шет қалып жатады. Соңғы табыстар туралы айтсам, Сырдарияда 9-10 ғасырларда билік құрған оғыз қағандарының монеталары табылды. Сол монеталар жаңа есімдерді, жаңа даталарды ашты. Осы монеталардың арқасында оғыз мемлекетінің соңғы қағандары ислам есімді болғанын біліп жатырмыз», - дейді Жақсылық Сәбитов.