Keruen Inn желісі Қазақстандағы жетінші қонақүйін ашты

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағандыда Keruen Inn желісінің жаңа қонақүй кешені ашылды. Ол жол бойындағы сервистік кешен ретінде жұмыс істейді. Мұнда қонақүй, тамақтану орындары, автотұрақ, электр көліктеріне арналған қуаттау станциялары мен цифрлық сервистер бір жерде шоғырланған.

Фото: Qazaq Oil

Бүгінде алыс жолға шыққан жолаушылар үшін тек жанармай құю жеткіліксіз. Олар жолда тынығып, тамақтанып, сапарын жайлы жалғастыруға мүмкіндік беретін қызметтердің бір жерде болғанын қалайды. Qazaq Oil компаниясының мәліметінше, осыған байланысты жол бойындағы сервистің форматы да өзгеріп келеді.

Барлық қажетті қызмет бір жерде ұсынылатын мұндай кешендер демалысқа, іссапарға немесе жақындарына жол тартқан жолаушылар үшін қолайлы.

Осы бағыттағы жобалардың бірі — Keruen Inn жол бойындағы қонақүйлер желісі. Қарағандыдағы жаңа нысанның ашылуымен желідегі қонақүйлер саны жетіге жетіп отыр. Бұған дейін Мерке, Арал, Семей, Ақтау, Атырау және Қарқаралы қалаларында ашылған.

Жоба тұжырымдамасына сәйкес, саяхатшыларға қажетті қызметтердің бәрі бір жерде ұсынылады. Мәселен, кешендерде Q-Café мен Dala Market жұмыс істейді, сондай-ақ күзеті бар автотұрақтар және Qazaq Energy Charge электр көліктерін қуаттау станциялары қарастырылған.

Фото: Qazaq Oil

Барлық сервис Vlife цифрлық платформасына біріктірілген. Оның көмегімен қонақтар қызмет ақысын төлеп, бонустар жинап, оларды серіктес ұйымдарда пайдалана алады.

Қарағандыдағы жаңа Keruen Inn кешенінің аумағы мың шаршы метрден асады. Мұнда 31 қонақүй нөмірі бар. Сондай-ақ кездесулер мен түрлі іс-шараларды өткізуге арналған заманауи конференц-зал жабдықталған.

Фото: Qazaq Oil

— Бүгінде Keruen Inn желісі жеті қонақүйді біріктіріп отыр. Бұл — жобаны дамытудағы маңызды кезең. Біз Қазақстанның қай бағытына жол жүрсе де, саяхатшыларға жайлы жағдай жасау үшін заманауи жол бойындағы кешендер желісін дамытып келеміз, — деді Qazaq Oil компаниясының даму жөніндегі директоры Оралхан Омаров.

Фото: Qazaq Oil

Компанияның мәліметінше, Keruen Inn желісін дамыту — Qazaq Oil-дың жол бойындағы заманауи экожүйені қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі. Осы мақсатта жанармай құю қызметі, қонақүй инфрақұрылымы, қоғамдық тамақтану орындары, цифрлық сервистер мен саяхат кезінде қажет болатын басқа да қызметтер бір жүйеге біріктіріліп жатыр.