«Керуен» маңындағы жол оқиғасы: Сараптама қаңтар айының ішінде аяқталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сот-психиатриялық сараптама «Керуен» сауда ойын-сауық орталығы маңында «Infiniti» көлігінің жүргізушісі берген түсініктің шынайылығын анықтайды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне қалалық прокуратурадан хабарлады.

«Қазіргі кезде аталған іс сараптама кезеңінде тұр, яғни Жаңа жылдың қарсаңында сот-психиатриялық сараптама тағайындалған болатын. Оның нәтижесінде сарапшылар жүргізуші бойынша өзінің қорытындысын береді. Осы орайда оның дәлелдері қаралады, сондай-ақ оның қаншалықты шындықты айтқандығы айқындалады. Сараптама қаңтар айының ішінде аяқталады деп күтілуде», - деді Астана қаласы прокуратурасынан.

Еске салсақ, 12 қарашада «Infiniti» автомашинасының жүргізушісі «Керуен» ОСО аумағында көлік тұрағында тұрған «Toyota Camry» көлігімен соқтығысып, кейін тротуарға шығып, екі жаяу жүргіншіні басып кетеді. Содан кейін басқа «Toyota» көлігімен соқтығысып,  екпінін тоқтатпаған күйі ағашқа ұрынған. 

Айта кетейік, бұл оқиға қоғамдық резонанс тудырған болатын.