Кеше еліміздің автожолдарында 8 адам құрбан болып, 6 адам зардап шекті - ТЖМ

АСТАНА. Желтоқсанның 15-і. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні республиканың автожолдарында орын алған жол-көлік оқиғаларында 8 адам қаза тауып, тағы 6 адам түрлі дене жарақаттарын алды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ТЖМ-ға сілтеме жасап.

Ірі жол-көлік оқиғасы Атырау қаласында Атырау-Күлсары автожолының 20-шы шақырымында «КамАЗ» жүк көлігі мен «Ауди» автокөлігінің қатысуымен орын алды. Оның салдарынан жеңіл көліктің 46 жастағы жүргізушісі мен оның 27 және 34 жастағы екі жолаушысы оқиға орнында қаза болса, 25 жастағы тағы бір жолаушысы ауруханаға жеткізілді.

Сондай-ақ Атырау облысында, Мақат кентінен 90 шақырым жерде «Тойота» және «Урал» автокөліктерінің соқтығысуы болды. Бірінші көліктің 49 жастағы жүргізушісі мен оның 33 жасар жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Сергелі елді-мекенінің ішкі жолында «Опель» және «Ауди» автокөліктері соқтығысып, бірінші көліктің 43 жастағы жолаушысы сол орында көз жұмды, оның жүргізушісі мен тағы 4 жолаушысы ауруханаға жеткізілді.

Ал Шығыс Қазақстан облысы Алматы-Өскемен автожолының 643-ші шақырымында 20 жасар азаматтың басқаруындағы «Тойота» көлігі аударылып, оның салдарынан жүргізушінің өзі мен оның 21-дегі жолаушысы апат орнында мерт болды.