Кешенді тестілеу деңгейі Ұлттық бірыңғай тестілеу деңгейімен бірдей болады - Б. Жұмағұлов

АСТАНА.  18 маусым. ҚазАқпарат -  Кешенді тестілеу деңгейі Ұлттық бірыңғай тестілеу деңгейімен бірдей болады.

Бүгін бұл туралы  Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Колледж бітірушілердің кешенді тестілеу мәселесіне келетін болсақ, Парламент мінберінен ол сынға алынған еді. Біз бұл шаруамен 1 жылдан астам уақыт бойы айналысып келеміз. Жалпы, жыл сайын колледж бітірушілердің 70 мыңға жуығы жоғары оқу орындарына барады. Әрине, мен олардың бәрі осал, білімі төмен деп айта алмаймын, бірақ басым бөлігі солай. Сондықтан да, біз бірқатар мәселелерді ескере келе, кешенді тестілеудің деңгейін арттыратын боламыз. Атап айтқанда, келесі жылдан бастап кешенді тестілеудің деңгейі ҰБТ деңгейінде болады», - деді Б. Жұмағұлов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде әрбір университеттің жанынан колледждер құрылған. Және олар университеттің дайындық бөлігі ретінде ғана жұмыс істеп жатыр.

«Әрине, біз бұған қарсы емеспіз. Дегенмен, онда оқитындардың басым бөлігі университетке түсу сәтін күтіп қана отыратын тәрізді. Мінекей, осының салдарынан еңбек нарығында сапасы мүлдем төмен мамандармен толығып жатыр», - деді ол.