Кесірткеге пицца, сиырға зебра өрнегі: Шнобель сыйлығының қызық зерттеулері жарияланды

Фото: Kyodo

АСТАНА. KAZINFORM – Бостон университетінде Шнобель сыйлығының 35-ші мерейтойлық марапаттау рәсімі өтті. Бұл сыйлық күлкілі әрі бір мезет ойландыратын ғылыми зерттеулерге беріледі.

Нигерия, Того, Италия және Франция ғалымдары белгілі бір кесірткенің әртүрлі пицца түрлеріне талғамын зерттегені үшін марапатталды.

Германиялық зерттеушілер Фриц Реннер мен Джессика Вертманн шетел тілінде сөйлегенде алкогольдің (шамалы мөлшерде) сөйлеу қарқынын арттыратынын дәлелдеген еңбектері үшін сыйлыққа ие болды. Авторлардың айтуынша, зерттеу идеясы Венадағы конференцияда шарап ішіп отырған сәтте туындаған.

Педиатрия саласында сыйлық ананың сарымсақ жеген кездегі иісі емшектегі балаға қалай әсер ететінін зерттегендерге берілді.

Әдебиет аталымында америкалық ғалым Уильям Бин 35 жыл бойы өз тырнағының өсуін сипаттап отырған еңбегі үшін қайтыс болғаннан кейін марапатталды.

Жапондық ғалымдар сиырларды зебра тәрізді етіп бояу арқылы олардың шыбын шаққаннан аз зардап шегетінін дәлелдеп, биология саласында сыйлық алды.

Үнді инженерлері спорттық аяқ киімнен шығатын иісті жоятын арнайы тұғыр әзірлегені үшін марапатталды.

Сондай-ақ мақтау сөздің ұлтшылдыққа ықпалын зерттеген психологтар мен «тефлон диетасын» ұсынған химиктер де сыйлық иегерлері атанды.

Дәстүр бойынша жеңімпаздарға әр жылдардағы Нобель сыйлығының лауреаттары марапат тапсырады. Негізгі сыйлықтан бөлек, ғалымдарға символикалық түрде әзіл сыйлық беріледі, ол 10 триллион долларлық жалғыз купюра. Бұл нақты ақша емес, тек қағазға басып шығаруға болатын бір жапырақ сурет қана.

Еске салсақ, бұған дейін Лос-Анджелесте телевизиялық өнер саласындағы «Эмми» сыйлығының 77-ші марапаттау рәсімі өткен болатын.