- Әңгімемізді тігіншілікке деген қызығушылығыңыздың қалай оянғанынан бастасақ.
- 1971 жылы Қытай жерінде тудым. Ол жақта мал шаруашылығымен айналысып, дәмхана аштым. Тігіншілік өнер анамнан дарыды. Басында тек бос уақытта ермек үшін кесте тігетінмін. Оны табыс көзі де қарамадым. Атамекенге оралғанымызға 11 жыл болды. Көгедай ауылының тыныс-тіршілігімен біте қайнасып кеттік. Басында немен айналысатынымды біраз ойландым. Қазақтың ата кәсібі – төрт-түлік ғой. Ірі қара ұстадық. Ине мен жіп те кәдеге жарады. Қалыңдықтың жасауын жасап, сата бастадым.
- Тағы қандай заттар тігесіз?
- Кілем, көрпе-жастық, киім-кешек тігемін. Оларды қазақы нақышта оюмен өрнектейтін. Құдайға шүкір, тапсырыстар жиі түсіп жатады. Зайсан халқы ғана емес, басқа аудандардан да тапсырыс беретіндер бар. Бұдан бөлек, түрлі картиналар тіккенді жақсы көремін.
- Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз. Қандай картиналарыңыз бар? Бір картинаға шамамен қанша уақыт жұмсайсыз?
- Картинаны тек қылқаламмен емес, жіппен де салуға болады. Бұл қазақ халқының көне өнері. Өкінішке қарай, қазіргі жастар оны ұмытып барады. Қолымнан шыққан әр туындының мағынасы бар. Мысалы, дана Абайдың портретін жасадым. Оған 2 айға жуық уақыт кетті. Ұлы ақын айтқан 5 асыл іс пен 5 жамандықты қасына жазып, қабырғаға іліп қойдым. Бұны жастарға үлгі-өнеге болса екен деген мақсатпен істедім.
«Ана мен бала» картинасында әйел затының бауыр еті баласына деген махаббатын көрсетуге тырыстым. Ал жылқы бейнеленген туындыда төрт түліктің төресін еркіндіктің символы ретінде айшықтағым келді. Бір картинаға нақты осынша уақыт кетеді деп айту қиын. Кем дегенде 1 айдай уақыт жұмсаймын.
- Мемлекет тарапынан қандай да бір көмек алдыңыз ба?
- 2018 жылы маған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант берілді. Сол ақшаға тігін машинасын сатып алдым. Осы ретте, аудан әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді. Халықтың өз ісін алға жетелеуіне осылай көмек көрсетіліп жатқаны құба-құп.
- Ауылдастарыңызға тігін тігуді үйретіп жүргеніңізді естідік. Алдағы уақытта үйірме ашқыңыз келе ме?
- Иә. Қызығушылық танытқан қыз-келіншектерге еш ақысыз білгенімді үйретуге дайынмын. Бәріне есігім ашық. Осы уақытқа дейін 10-нан астам адамды шәкірт еттім. Тігу қағидасын түсіндіріп қана қоймай, бойжеткендерге қазақтың көнеден келе жатқан мәдениетін, салт-дәстүрін айтамын. Үйірме ашқым да келеді. Бәрі уақыт еншісінде ғой, алдағы уақытта сәті түсіп те қалар.
- Тігіншілікпен айналысқысы келетін адамның бойында қандай қабілет болуы керек?
- Ең бірінші – қызығушылық қажет. Адам қандай іспен айналысса да көңілі қаламаса одан еш нәтиже шықпайды. Одан соң сабырлылық, шыдамдылық керек. Бір орында тапжылмай отыру оңай шаруа емес. Ал картина жасау тіптен қиын. Ол үшін қол қабілеті, дәлдік, ептілік қажет. Ештеңе ойламай бар назарыңды, ой-санаңды соған арнайсың. Сонда ғана-ақ картина сәтті шығады.
- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.
- Күйеуім Ержет Дәулетхан әлі Қытай жерінде. Құжат жағы реттелмей, осында келе алмай жатыр. Мамандығы – мұғалім. Екі қызымыз бар. Екеуі де кесте тіге алады. Тұңғышымыз Зұпар Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «шет тілі» мамандығы бойынша бітірген. 4 тілде еркін сөйлейтін полиглот. Қазір Семей қаласында ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Кенжеміз Шынар 17 жаста. Оның қалауы – дәрігер болу.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Тігіншілікті тастамай, кәсібімді ары қарай дөңгелетсем деймін. Дүкен ашу жайлы ойым бар. Мал басын арттырып, шаруа қожалығын да құрғым келеді.
- Әңгімеңізге көп рахмет!