«Кетчуп пен нан»: Димаш желідегі әзілге қатысты пікір білдірді

Фото: Фото: facebook.com/dimasheurasianfanclub

АСТАНА. KAZINFORM — TikTok желісінде Димаш Құдайбергеннің The Story of One Sky атты әнінің үзіндісі кең тарап, жастар арасында әзіл-қалжың тудырды.

Ақтауда өткен концерт кезінде әннің сөздерін түсінбей қалған кей көрермен әлеуметтік желіде «кечуп пен нан» деп әндеткен. Бұған өзге қолданушылар да қосылып, «кетші сен бар», «кешір, Дильназ», «ет жейсің бе» сынды өз нұсқаларын жарыса жазады.

Дегенмен, кей оқырман мұндай әрекеттерді қараңғылық пен мәдениетсіздікке балап, сын айтты. Шын мәнінде, Димаш әнде «We’re choosing life» — қазақша «біз өмірді таңдаймыз» деген сөзді айтқан. Әннің түпкі мәні — экология, адамзаттың болашағы мен бейбіт өмір туралы терең философиялық ойларға құрылған.

Тарап кеткен видео мен әзілдерге қатысты әншінің өзі Instagram парақшасында пікір білдіріп, әзілді дұрыс қабылдайтынын жеткізді.

— Баршаңызға сәлем! Бүгін менің жерлестерім әлеуметтік желілерде менің «Бір аспанның тарихы» атты шығармамды белсенді түрде талқылап жатқанын білдім. Айтады ғой, егер саған қалжың айтылса, демек сен тірісің және қызықтысың. Шығармашылық әзілдер мен ықыластарыңыз үшін, тіпті күтпеген формада болса да, рахмет, құрметті жерлестер.

Ал менің әлемнің түкпір-түкпіріндегі сүйікті жанкүйерлерім, әрқашан қорғап, шынайылық пен жақсылықты жақтап жүргендеріңіз үшін көп рақмет. Сіздердің сөздеріңіз мен үшін музыка секілді, — делінген жазбада.

Айта кетелік Димаш Құдайберген Ақтаудағы түркі әлеміне арналған концертте өнер көрсеткен еді