Кей мекеме басшыларында әлеуметтік жауапкершілік деген жоқ - вице-премьер

Елімізде 600 мыңнан астам адам қауіпті орындарда жұмыс істейді. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Дамир Ерубаев

«Қазіргі уақытта қауіпті жұмыс орындарында 600 мыңнан астам адам еңбек етіп жүр. Жұмыс беруші олардың қосымша кәсіби зейнетақы қорына жарна төлеп отырады. Кім сол жарнаны төлеп отырса, сол азаматтардың бәрінің мүддесі қорғалады. Оларға арналған стандарттар бар. Киімі болуы тиіс. Таңертең жұмысқа келгенде денсаулығын тексеруден өткізу қажет. Қосымша тамақтануы керек. Бұл Еңбек министрлігі тарапынан атқарылады. Төтенше жағдайлар министрлігінде өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті бар. Ол сондағы құрал-жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуін бақылайды», — деді Тамара Дүйсенова.

Оның атап өтуінше, осыдан 5-6 жыл бұрын «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті арасында жол картасы қабылданған.

«Сол жол картасы аясында көп жұмыс істелді. Жұмыс істелмеді деуге болмайды. Еңбек инспекцияның арқасында „АрселорМиттал“ өз жабдықтарын жөндеуге 50 млрд теңге қаржы жұмсады. Сол жұмыс картасы толық орындалды деп айта алмаймыз. Соның жанында („АрселорМиттал“ өндіріс ошақтарының) „Қазақмыс“ мекемесі жұмыс істеп жатыр. Екі мекеменің қауіпсіздік саласында атқарған жұмысын салыстырсақ, әрине, жер мен көктей. Өкінішке қарай әлеуметтік жаупкершілік кей мекеме басшыларында бар, кейбірінде жоқ», — деді вице-премьер.