Кей түлектер қолдан жасалған жалған ҰБТ сертификатын өткізіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — ҰБТ сертификатын қолдан жасау фактілері әшкере болды. Ұлттық тестілеу орталығы осындай жағдайлар жиілеп кеткенін хабарлады.
«Өкінішке қарай, биыл жалған ҰБТ сертификат ұсыну жағдайлары анықталды. Қазіргі уақытта грант конкурсына құжат қабылданып жатыр, қабылдау комиссиясына 10-нан астам жалған сертификат ұсынылған. ҰБТ сертификатын қолдан жасау мүмкін емес екенін ескеру маңызды. Әрбір сертификатта оның түпнұсқалығын бірден тексеруге мүмкіндік беретін бірегей QR коды бар. Сондай-ақ, ҰБТ сертификаты ресми құжат болып табылады және оны қолдан жасау ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады» деп ескертеді ҰТО.
Мысалы, мына сертификатта QR-код ашылмайды, сондай-ақ сандар әр түрлі шрифтпен, әртүрлі көлемде жазылған.
Сертификатты қолдан жасаудың барлық жағдайы тиісті шара қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданады.
Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ сертификаты app.testcenter.kz сайтында жеке кабинетте, certificate.testcenter.kz сайтында және eGov электронды үкімет порталында орналасқан.