Кейбір ауылдарға ең жақын орналасқан өрт сөндіру бөлімшелерінің аралығы 50-ден 200 шақырымға дейін созылады

Фото: None
АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - 5 мың және одан да көп тұрғындары бар 87 елді мекенде өртке қарсы қызмет мүлдем жоқ.

Бұл туралы бүгін  Астанада ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымы мен Мәжіліс депутаттарының кездесуі барысында Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Серік Әубәкіров мәлім етті.

 «Өрт сөндіру мен бірінші кезектегі апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін республикада 408 өрт деполары бар. Осы деполар арқылы 271 елді мекен қорғалады. Осының ішінде 36 ірі қала өртке қарсы қорғаумен толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Ал 5 мың және одан да көп тұрғындары бар 87 елді мекенде  өртке қарсы қызмет мүлдем жоқ», - деді ол.

Осы орайда ол аталған мәселе бойынша ауылдық жерлердегі ахуал көңіл көншітпейтінін айта келе, кейбір ауылдарға ең жақын орналасқан өрт сөндіру бөлімшелерінің аралығы 50-ден 200 шақырымға дейін созылатынын жеткізді.

«Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің ауылдардан бұндай қашықтығы өрт кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік бермейді», - деп атап өтті С. Әубәкіров.

Бүгінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан ауылдық жерлерде өртке қарсы 4 мыңнан астам ерікті жасақтар құрылған. Осы тұрғыда 388 өрт техникасы мен 7 мыңнан астам бейімделген техника тізбектелді. Жыл сайын ерікті өрт сөндірушілер тілсіз жау орын алған жалпы көлемінің 10 пайызын ауыздықтайтын көрінеді.