Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымы мен Мәжіліс депутаттарының кездесуі барысында Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Серік Әубәкіров мәлім етті.
«Өрт сөндіру мен бірінші кезектегі апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін республикада 408 өрт деполары бар. Осы деполар арқылы 271 елді мекен қорғалады. Осының ішінде 36 ірі қала өртке қарсы қорғаумен толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Ал 5 мың және одан да көп тұрғындары бар 87 елді мекенде өртке қарсы қызмет мүлдем жоқ», - деді ол.
Осы орайда ол аталған мәселе бойынша ауылдық жерлердегі ахуал көңіл көншітпейтінін айта келе, кейбір ауылдарға ең жақын орналасқан өрт сөндіру бөлімшелерінің аралығы 50-ден 200 шақырымға дейін созылатынын жеткізді.
«Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің ауылдардан бұндай қашықтығы өрт кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік бермейді», - деп атап өтті С. Әубәкіров.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан ауылдық жерлерде өртке қарсы 4 мыңнан астам ерікті жасақтар құрылған. Осы тұрғыда 388 өрт техникасы мен 7 мыңнан астам бейімделген техника тізбектелді. Жыл сайын ерікті өрт сөндірушілер тілсіз жау орын алған жалпы көлемінің 10 пайызын ауыздықтайтын көрінеді.