Кейбір ауылдық жерлерде қажеттілікке сай келмейтін үлкен мектептер мен денсаулық сақтау нысандары салынуда

АСТАНА. Маусымның 14-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кейбір ауылдық жерлерде салынып жатқан мектептер мен денсаулық сақтау нысандарының көлемі сондағы тұрғындардың қажеттілігінен әлдеқайда артық.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.

«Бұл мәселе ауылдық жерлердегі білім беру мен денсаулық сақтау нысандарына қатысты. Ауылдық жерлердегі нысандарға арналған құрылыстық нормалар мен ережелер қандай да бір елді мекеннің нақты қажеттіліктеріне сай емес екендігін бірқатар облыстардың әкімдері көтеріп жүр», деді Үкімет басшысы.

«Кейбір фактілерге қарағанда, кейбір елді мекендерде қажеттіліктен әлдеқайда артық мектептер мен денсаулық сақтау нысандары салынуда», - деп тоқталды К. Мәсімов.

Премьер-Министрдің сөзіне қарағанда, келесі бюджеттік циклге сәйкес құрылыстық нормалармен және тиісті шешімдермен кіру керек.

«Осыған байланысты мен тиісті тапсырманы жүктеймін. Атап айтқанда бір айдың ішінде бұл мәселе бойынша нақты ұсыныс жасау қажет»,-деді К. Мәсімов.