Кейбір білім беру объектілерінде өрт қауіпсіздігі бойынша талаптарды орындау жөнінде толық шаралар қабылданбаған - ҚР ТЖМ

АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат -  Кейбір білім беру объектілерінде өрт қауіпсіздігі бойынша талаптарды орындау жөнінде толық шаралар қабылданбаған.

 Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің бас маманы Эльдор Райымбеков мәлім етті.

«Білім беру объектілеріндегі өрт қауіпсіздігі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ерекше бақылауында. 2012 жылғы наурыз-сәуір айларында республиканың барлық оқу орындарының өртке қарсы жай-күйлеріне кешенді тексеру жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша білім беру ұйымдарының басшыларына айқындалған бұзушылықтармен актілер тапсырылды. Алайда, шілде-тамыз айларында жүргізілген тексерулердің нәтижелері білім беру объектілерінде өрт қауіпсіздігі бойынша талаптарды орындау жөніндегі толық шаралар қабылданбағанын көрсетті», - деді ол.

Қазіргі таңда мемлекеттік өрт бақылау органдары 2623 объектінің өртке қарсы ахуалына  бақылау-тексерулер жүргізді, оның барысында 5 мыңнан аса өртке қарсы нормалар мен ережелер сақталмағаны анықталды.

Э. Райымбековтың сөзінше, 3 млн. 346 мың теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке 524 лауазымды тұлға тартылған.

Өртке қарсы қаупі бар 52 оқу орнына қатысты мамандандырылған өңіраралық экономикалық соттарға кемшіліктерді жоюға дейін оларды пайдалануды тоқтата тұруға талап-арыз жіберілді.