«Репертуар туралы әңгіме қозғағанда жаңа қойылымдарға бөлінетін қаражаттың жетімсіздігі туралы айтпау мүмкін емес. Республикамыздағы театрларда бір спектакльді сахналауға 2 млн. теңгеден жоғары қаражат жұмсалады. Бұл Ресей театрларымен салыстырғанда 10-15 есе аз», - деді министр.
Оның атап өтуінше, облыстық театрлардағы бір қойылымға бөлінетін қаржы республикалық деңгейден 10 есеге төмен. Мәселен, Арқалық қазақ драма театрында 6 қойылымға 2,6 млн. теңге, Жетісай театрында 4 қойылымға 1,1 млн. теңге, яғни әр спектакльге небәрі 275 мың теңге, Павлодар облыстық қазақ театрында 6 қойылымға 1,4 млн. теңге, яғни әр спектакльге 293 мың теңге ғана қаражат бөлінген.
«Айтыңыздаршы, ондаған әртіс қатысып, оларға арнайы костюм тігілетін, бірнеше рет көрініс ауысып, көптеген арнайы декорациялар, реквизиттер жасалатын спектакльді небәрі 2000 долларға жетер-жетпес қаражатқа сахналауға бола ма? Әрине болмайды. Мен бұл сұрақтарға жауапты аймақтық театрлардың бюджетін қарастыратын облыс әкімдерінің қаржы, экономика жөніндегі орынбасарларына бағыттағым келеді. Тіпті, сол шенеуніктердің ара-тұра болатын той-томалағына қатысатын кейбір эстрада «жұлдызшаларына» бұдан әлдеқайда көп қаламақы берілетінін олар жақсы біледі. Ендеше, олар бүгінгі айтылған сыннан тиісті қорытынды шығарады деп сенемін», - деді М.Құл-Мұхаммед.