Кейбір органдардың атақ алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылады

АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сыныптық шен, әскери және арнаулы атақтар беру,

әскери қызметшілердің және өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлерінің нысанды киім киіп жүру құқығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасын әзірлеушілер «Демократиялық үдерістерді дамыту елді әскерилендіру деңгейін төмендетуді болжайды» деген тұжырым жасай келіп, әскери және арнаулы атақтар беруді, қызметкерлерінің погоны бар нысанды киім киюге құқығы бар мемлекеттік органдар санын қысқартуды мақсат етіп отырғандарын алға тартады. Заң жобасында әскери және арнаулы атақтарды, сыныптық шендері, погоны бар нысанды киім киіп жүру құқығын тек Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері бөлімшелерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Республикалық ұланның, Президенттің Күзет қызметінің, Ішкі істер министрлігінің, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы), Төтенше жағдайлар министрлігінің, прокуратура органдарының, Әділет министрлігінің қызметкерлері үшін ғана қалдыру жөнінде түзету енгізілмекші. Нысанды киім киетін өзге саланың қызметкерлері погон тақпайтын болады. Олардың лауазым атақтары сыныптық шен мен біліктілік деңгейіне ауыстырылады.

Бұдан бөлек, атақ алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылатын адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелерін шешуге де бағытталып отыр.

Сонымен қатар, сот приставтарының, ауыл шаруашылығы министрлігі мен Көлік және коммуникация министрлігі жүйесі қызметкерлерінің жекелеген санаттарының погонсыз нысанды киім киіп жүру құқығы сақталады.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.