Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов білім берудегі көптілділікті дамыту мәселелеріне арналған жиында айтты.
Алдағы жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанда бірінші сынып бағдарламасына ағылшын тілі енгізілетіндігін атап өткен ол: «Енді 4-5 жылдан кейін біз кейбір пәндерді, мәселен биология, химия, физиканы мектептерде ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Оған қазірден бастап дайындық жасамасақ, уақыт сырғып өте шығады. Жалпы, 2020 жылға қарай кейбір пәндерді ағылшын тіліне ауыстырамыз деген ойымыз бар»,- деді.
Бұл ретте министр жұртшылық арасында түсінбеушілік орын алмауы қажеттігін баса айтты. «Қазақ тілін біз барлық мектептерде күшейтіп, аптасына 20 сағатқа жеткіздік. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақ тілін әрбір қазақ білуі керек. Екіншіден, 2020 жылы мектеп бітірген әрбір бала қазақ тілінде сөйлейтін болуы тиіс. Бұл Елбасының тікелей тапсырмасы», - деді Б.Жұмағұлов.
Оның атап өтуінше, бұл бағыттағы жұмыстар жолға қойылып, атқарылу үстінде. Сонымен қатар орыс тілін білу де маңызды. Өйткені төңірегімізде осы тілде сөйлейтін 200 млн-нан астам халық бар. «Жалпы, әлем деңгейінде ғылым, білім, инновация дамып жатыр. Оның бәрі ағылшын тілінде», - деді ол.