Бұл туралы бүгін ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен кеңесте ведомствоның Ішкі аудит және бақылау департаментінің директоры Аманқос Шанкиев мәлімдеді.
«Мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін жыл сайын қазынадан қомақты қаражат бөліп келеді. Ал кейбір жергілікті атқарушы органдар аталған қаражатты ысырап етумен айналысуда», -деді А.Шанкиев.
Оның айтуынша, прокуратура жақында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға бағытталған қаражатты бөлудің заңдылығына тексеру жүргізген. Соның нәтижелеріне сәйкес, бірқатар кемшіліктер анықталып отыр. Атап айтқанда, қаражатты бөлудегі заңсыздықтардың басым бөлігі Алматы облысында - 2 228, Жамбыл облысында - 662, Ақтөбе облысында - 432, Қызылорда облысында - 276, Атырау облысында - 168, Павлодар облысында 118 факті бойынша анықталған. Бұл ретте әкімдіктегі жауапты тұлғалардың және ведомствоаралық комиссия мүшелерінің салғырттығы салдарынан қажетті құжаттардың жоқтығына қарамастан субсидиялау үшін қаражат үйлестіріліп отырған. Бұнымен қоса, кәсіпкерлерден заңнамада көрсетілмеген құжаттарды талап ету фактілері де орын алып отыр.
«Тексеру нәтижелері бойынша заңдылықтың бұзылуына қатысты 4 153 факті анықталды. Негізсіз бөлінген субсидия сомасы 663 миллион теңгеден асып отыр. Соның тек 10,8 млн. теңгесі ғана мемелкетке қайтарылды», - деді департамент басшысы.