Кейбір жоғары лауазымды қызметкерлерге мемлекеттік сана мен жауапкершілік жетіспей жатыр - Қ. Сұлтанов
«Есеп комитеті жыл сайын бюджеттің атқарылуына өте терең сараптама жасап, кемшіліктерді айшықтап, Парламент пен Үкіметке тапсырады. Бірақ, соны түсінетін, бізде соны еститін жауапты мемлекеттік қызметкерлер жетіспей жатыр. Кейбір өте жоғары лауазымды қызметкерлердің өзінде мемлекеттік жауапкершілік жоқ, мемлекеттік сана жетіспей жатыр деп есептеймін. Өйткені, бюджеттік мәселе өте тетікті мәселе. Бұл жерде әрбір құзырлы орындар, құзырлы мемлекеттік құрылымдар өздерінің осы жауапкершілігін елге көрсетсе игі еді. Яғни, осындай көзқарас Үкіметте өзгеруі тиіс, оған қабілетті болмаса бұл төңіректегі әңгіме басқаша болуы шарт», деді сенатор.
Сонымен бірге, бюджет комиссиясының құзіретіне қатысты мәселеге тоқталған Қ. Сұлтанов бұл бағыттағы келеңсіздіктерді жайып салды. «Бюджет комиссиясы дегеніңіз Үкіметтің өзі үшін құрған жұмысшы органы, әрбір департаменттің атқаратын жұмысы бұл. Ал Заң Парламентте қабылданып, Президент оған қол қойғаннан кейін оны бюджет комиссиясының өзгертуге қандай қақысы бар. Бюджет комиссиясы тек ұсыныс жасауы тиіс. Шешімді Парламент қабылдауы керек», деді депутат.