«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтарды медициналық сақтандырумен қамту жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Осыған байланысты сақтандырылмаған азаматтарды тартуда жергілікті атқарушы органдардың қатысуын қарастыратын бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер әзірленді. Яғни азаматтардың жекелеген санаттары үшін МӘМС-ке жарнаны облыстардың, республикалық маңыздағы қалалар мен елорда әкімдіктерінің қаражаттары есебінен төлеу мәселесі қарастырылып отыр. Сақтандырылмаған адамдар үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық көмек қолжетімді болып қалады», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіне мыналар:
- жедел медициналық көмек;
- емхана қызметтері және паллиативтік күтім;
- шұғыл көмек (жаралану, улану және т. б.);
- зертханалық талдаулар (жалпы талдаулар, АИТВ және туберкулез диагностикасы);
- созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу;
- дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (диагноздың жекелеген түрлері) кіреді.
«Бұл ретте, сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы №703 бұйрығымен халықты МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі жобалау тобы құрылды. Премьер-Министр орынбасарының тапсырмасы бойынша облыстық және аудандық деңгейдегі сақтандырылмаған адамдарды МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі штабтардың жұмысы ұйымдастырылды. Республикалық деңгейде Денсаулық сақтау бірінші вице-министрінің басшылығымен жобалық кеңсе құрылды. Қор жұмыс жүргізу үшін апта сайын сақтандырылмаған азаматтардың тізімін береді», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Өңірлік штабтар алгоритмге сәйкес жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етеді.
1) облыстық деңгейде:
- сақтандырылмаған тізімдерді аудандық штабтарға жіберу;
- жұмыспен қамту шараларымен қамту;
- жұмыссыз ретінде есепке қою;
- жергілікті бюджеттен C, D, E санаттағы тұлғаларды қаржыландыру бойынша мәселелерді пысықтау;
- Өңірлік штаб жұмысының барысы туралы апта сайын ақпарат беру.
2) қалалық және аудандық деңгейде:
- халықты ресми жұмыспен қамтуға тарту;
- кәсіпкерлік қызметті тіркеу;
- тұрғындарды жеңілдікті санатқа қосу;
- жұмыспен қамту мәселесі бойынша ақпараттық жүйеге деректерді енгізу (hr.enbek.kz);
- Өңірлік штабқа мәліметтерді ұсыну.
Еске салсақ, былтыр күзде медициналық қызметке жүгінуге мәжбүр 3 млн-нан астам адам сақтандыру жүйесінен тыс қалғаны мәлім болды.
Сол кезде министрлік ауылдардағы 1,5 млн адамды медициналық сақтандыру бюджет есебінен болатынын хабарлады.