«Қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында және кәсіпорындардың заманауи шешімдерін енгізуде ең үздік технологиялық анықтамалықтар бекітілді. Мұндай технологияларды қолдану қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерді азайтады. Анықталған экологиялық проблемалардың негізінде мәселені кешенді шешу бойынша өңірлік жол карталары мен табиғат қорғау іс-шараларының жоспарлары әзірленді»,- деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Премьер-Министрдің мәлімдеуінше, қоршаған ортаны ластамау, қалдық-қоқыстарды шығару бойынша әлі шешілмеген өзекті мәселелер бар.
«Атмосфераның ғана емес, су ресурстарының да ластану фактілері бар. Кейбір кәсіпорындар өзендер мен көлдерге қалдықтарды рұқсатсыз төгуде. Компаниялардың заңсыз әрекеттеріне халықтан түсетін шағым көп. Су ең құнды ресурс, біз оны қорғауға міндеттіміз», - деді ол.
Сондай-ақ, Ә. Смайылов кәсіпорындардағы ластағыш заттарды үнемі бақылап тұру үшін автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізіліп жатқанын айтты. Аталған шара кәсіпорындардың шығарындыларын нақты уақыт режимінде қадағалап тұруға және белгіленген нормалардан асып кеткен жағдайда жедел әрекет етуге ықпал етеді.