Кейбір қазақстандық алған зейнетақысын қайтаруға міндеттеледі

Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қос азаматтығы бар қазақстандықтар елімізде заңсыз түрде зейнетақы алып келген болса, олар бұл қаржыны бюджетке қайтаруы тиіс болады. Толығырақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова түсіндірді. 

— Залалдың мөлшерін уәкілетті орган, яғни Қаржылық мониторинг агенттігі анықтауы керек. Барлық материал тапсырылды, қазір тергеу жүріп жатыр және сома қайта өндіріліп алынады, — деді Светлана Жақыпова Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Министр түсіндіріп өткендей, жаңа ереженің Қазақстанда тіркеуі бар және шетелге тек уақытша шыққан зейнеткерлерге қатысы жоқ. Мұндай жағдайда төлем уақытша тоқтатылуы мүмкін, алайда елге оралғаннан кейін толық көлемде төленеді. 

— Кейбір зейнеткердің бір мезетте Қазақстанда, Ресейде және Өзбекстанда зейнетақы алып келген жағдай болды, — деп толықтырды ведомство басшысы.

Бұған дейін тұрғылықты жерін ауыстырған азаматтарға зейнетақы төлеу жүйесі өзгеретіні туралы хабарлаған едік. 

Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесін реформалауға кірісті.