Кейбір мектептің смартфонға шектеу қою шешімі ғылыми негізделген қадам — Аймағамбетов
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім беру ошақтарында гаджет қолдануға тыйым салу идеясын қолдайды.
— Анджела Дакворттың ойлары ұнады. Бұл видеода ол табыс пен тиімділіктің сыры — темірдей ерік-жігерде емес, алаңдататын факторлардан арылған дұрыс ортада екенін айтады. Демек, өзіңді үнемі бақылап, тыюдың орнына, сол жағдайдың алдын алып, алаңдататын факторлардан алыс болу әлдеқайда тиімді. Мысалы, гаджет — қазір ең басты назар бұзушы құралдардың бірі. Дакворт келтірген зерттеуге сүйенсек, тіпті өшірулі болғанымен, қол астында жатқан телефонның өзі IQ тест нәтижесіне кері әсер етеді. Ал телефоны көзден таса жерде жатқан студенттердің үлгерімі әлдеқайда жоғары, — деп жазды Асхат Аймағамбетов Telegram парақшасында.
Халық қалаулысына The Anxious Generation кітабын оқығаннан кейін, мектеп жасындағы балаларға смартфонның әсері мен тыйым салу туралы ой келген.
— Осы тұрғыда Назарбаев зияткерлік мектептері мен кейбір мектептің жаңа оқу жылынан бастап смартфон қолдануға шектеу қою туралы шешімі — орынды әрі ғылыми дәлелдерге негізделген қадам. Зерттеулер мұндай шешімнің қажеттілігін нақты көрсетіп отыр, — дейді депутат.
Айта кетейік, Асхат Аймағамбетов өскелең ұрпақты ілім-білімге баулу мәселесін үнемі көтеріп келеді. Депутат Мәжілістің жалпы отырысында «смартфон кітаптан арзан болмауы керек» деген еді.