Кейбір жәрдемақы 3 жылда 1 рет қана көтеріледі — Шегай себебін түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің 2027 жылға арналған бюджет жобасында кейбір жәрдемақыны есептеу кезінде айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі күнкөріс деңгейі бұрынғы мөлшерлемемен есептелінбек. Мұндай шешімнің себебін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай түсіндірді.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитеті отырысында 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын таныстырылып, сол кезде депутат Айжан Сқақова АЕК пен ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептелетін кейбір жәрдемақы үшін өткен жылғы көрсеткіштер қолданылатына назар аударды. Бұл ретте 2027 жылы зейнетақы 8,5 пайызға индексацияланады.

Бұл шешім себебін Еңбек вице-министрі Виктория Шегай түсіндірді. Оның айтуынша, мұндай тәсіл бюджеттің әлеуметтік бағытына қайшы келмейді.

— Жәрдемақы — азаматтар белгілі бір өмірлік қиын жағдайға тап болған кезде мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қорғау шараларының бір бөлігі ғана. Кейбір әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде индексациялау оларды алушылардың жалпы әл-ауқаты мен экономикалық дербестігін айтарлықтай жақсартпауы мүмкін. Сондықтан мұндай жәрдемақыларды қайта индексациялауды басқа орта мерзімді кезеңде, атап айтқанда, үш жылда бір рет жүргізу туралы шешім қабылданды, — деді Виктория Шегай.

Сонымен қатар ол Үкімет қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды қолдау және оларды әлеуметтік мұқтаждық жағдайынан шығаруға бағытталған шараларды жетілдіруді жалғастыратынын айтты.

— Бұған қоса республикалық бюджет жобасында зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеуге қатысты барлық міндеттеме толық көлемде қарастырылған. Осылайша, аталған азаматтардың жағдайының нашарлауына жол бермеу және әлеуметтік төлемдер мөлшерін төмендетпеу қағидаты толық сақталады деп есептейміз, — деді вице-министр.

Бұған дейін жұмыссыз қалғандарға төленетін жәрдемақы мерзімі қысқаруы мүмкін екенін жаздық.