Кейбіреулер екі өмір сүрсе де ерлігін қайталай алмас еді: Хиуаз Доспанова жайлы туыстары не дейді

Фото: Фото Ерболат Әміровтың отбасылық архивінен

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың ұлы Ерболат Әміров пен немере інісі Бақытжан Доспанов батыр жайлы естеліктерін бөлісті. 

Хиуаз Доспанова 1922 жылы 15 мамырда қазіргі Атырау облысында дүниеге келген. 1940 жылы Орал қаласындағы № 1 мектепті алтын медальмен үздік тәмамдаған. Қабілетті қыз мектеп қабырғасында жүргенде-ақ аэроклубтан запастағы ұшқыш куәлігін алған.

Арман қуып, ұшқыш болуды мақсат еткен Хиуаз Мәскеуге барып, Жуковский атындағы Әскери әуе академиясына оқуға түспек болады.

Алайда онда өтпей қалған соң Мәскеудің бірінші медициналық институтына құжат тапсырып, үздік оқушы ретінде емтихансыз қабылданады.

Фото Ерболат Әміровтың отбасылық архивінен

Бірақ оқуын аяқтамай, бірінші курстан кейін майданға өз еркімен аттанады. Оны 588-ші түнгі бомбалаушы авиация полкіне штурман-атқыш ретінде қабылдады.

Хиуаз Доспанова жауынгерлік тапсырмаларды Оңтүстік майданда, Солтүстік Кавказда, Украина мен Беларусь жерлерінде орындаған.

Фото Ерболат Әміровтың отбасылық архивінен

Батырдың ұлы Ерболат Әміров анасымен соғыс жайлы көп сөйлеспегенін атап өтті.

— Шындығында мен одан соғыс жайлы көп сұрамайтынмын. Тек бала күнімде айтқан бірнеше шумақ өлең мен әндері ғана есімде қалыпты. Соның бірі — ленд-лиз арқылы жеткізілген америкалық «Аэрокобра» ұшағы жайлы шумақ еді, — дейді Ерболат Әміров.

Хиуаз Доспанованың өзі ПО-2 оқу-жаттығу ұшақтарында ұшқан. Ерболат Әміровтың айтуынша, бұл жеңіл, екі орынды ұшақ болатын: ұшқыш алда, штурман артта отырған. 

Штурман қыздар негізінен Мәскеуден келген студенттер — болашақ математиктер, физиктер, дәрігерлер еді.

Фото Ерболат Әміровтың отбасылық архивінен

Айтылған ұшақтың жылдамдығы сағатына 130 шақырымға дейін жеткен. Қанаттарына бомба ілінетін, ал штурман кабинасында тұтандырғыш бомбалар болған.

Ұшқыш әуе кемесін басқарып отырғанда, штурман нысанаға бомбаларды тастайтын.

Фото Ерболат Әміровтың отбасылық архивінен

Олар көбіне түнде ұшып, теміржол тораптарын және майданға қажетті маңызды нысандарды бомбалаған. 

Түнгі шабуылдарда ұшқыштар картаға қарап, жұлдыздар арқылы бағдар алған, өйткені рация қолданылмаған. Ол іске қосылса, дұшпан ұшақты радардан тауып алуы мүмкін еді.

— Бір сұхбатымда «оларда не рация, не диспетчер болмаған» деп айтып едім. Кейін ғана рация болса, жау оларды тауып алатынын түсіндім. Оның үстіне рацияның өзі де артық салмақ, ал ПО-2 ұшағы тек 300 келіге дейін ғана жүк көтере алатын, — дейді Ерболат Әміров.

Фото: Камшат Әбдірайым / Kazinform

Қыс кезінде Хиуаз бастаған ұшқыштар түнде 10 рет ұшып тапсырма орындаған — қонған соң тез жанармай құйып, сол бағытпен қайта көкке көтерілген. Әдетте, жазда 5-6 рет ұшатын болған.

Қаһарманның марапаттау парағында:

«Жолдас Доспанова 102 түнгі жауынгерлік шабуылды орындап, 15 902 келі әртүрлі калибрдегі бомбаны жауға тастаған» деп жазылған.

Фото Ерболат Әміровтың отбасылық архивінен

Соғыс кезінде Хиуаз Доспанова екі рет апатқа ұшыраған. Біріншісінде ұшағы аэродромдағы кедергіге соғылған.

Екінші рет 1943 жылдың сәуірінде өзге ұшақпен соқтығысып, ауыр жараланған. Зардап шеккен ұшқыштар табылған кезде төртеуі де мерт болды деп санаған.

Тек кейін оның бірі Хиуаздың денесі жылы екенін, өзі тірі қалғанын байқаған. Қазақ қызы биіктен құлаған кезде кабинадан ұшып кеткен, салдарынан омыртқасы мен аяғына ауыр зақым келген.

Фото Ерболат Әміровтың отбасылық архивінен

— Сол апатта аяғы, жамбас сүйегі сынды, басынан жарақат алды, миы шайқалды. Кейін сүйектері дұрыс бітпей, қайта түзеткен. Ұшқыштардың бірі өз естеліктерде «Доспанова белдігін тақпай ұшатын» деп жазған. Бұл туралы өзі де түсіндірмеді, мен де сұрамадым. Бірақ меніңше, ұшақты атып түсірсе немесе онда от шықса, тез секіру үшін солай істеген секілді, — дейді Ерболат Әміров.

Емханадан шыққаннан кейін Хиуаз ұшуды жалғастырған. Уақыт өте штабта байланыс бастығы қызметіне тағайындалады.

Майдандағы ерлігі үшін Хиуаз Доспановаға Қызыл Жұлдыз, II дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендері, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары табысталған.

Фото: Камшат Әбдірайым / Kazinform

Соғыстан кейін Хиуаз Доспанова партия органдарында еңбек етіп, комсомол қызметіне белсенді араласқан. Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін тәмамдаған.

1951 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, Президиум хатшысы қызметін атқарған. Кейін Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы, Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы қызметтерін де абыроймен атқарды.

Фото Ерболат Әміровтың отбасылық архивінен

— Алматыға партияның курстарына келгенде әкем Шаку Әміровпен танысыпты. Ол курс 2 жылдық болатын. Екеуі 1948 жылы үйленген. Кейін бірге Мәскеуге барып, оқуын жалғастырған. Оны аяқтаған соң анам жұмысын жалғастырды. 1959 жылы, небәрі 37 жасында денсаулығына байланысты зейнетке шықты, — дейді Хиуаз Доспанованың ұлы.

Фото Ерболат Әміровтың отбасылық архивінен

Оның айтуынша, зейнетке шықса да қайсар тұлға белсенділігін жоғалтпай, ас пісіріп, үй шаруасын дөңгелеткен.

Фото Ерболат Әміровтың отбасылық архивінен

Халық қаһарманының немере інісі Бақытжан Доспанов оны былай деп еске алады:

— Соғыс туралы көп тіс жарып айтпайтын. Мен де тікелей сұрамаған шығармын. Тек қысқа қайырып «иә, соғыстық, иә, солай болды» дейтін. Өте тәрбиелі, кішіпейіл кісі еді. Ешкімнен ештеңе сұрамайтын, ешкімнің алдында мақтанбайтын. Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңес Президиумының хатшысы секілді лауазымды қызметтер атқарса да, қарапайым қалпынан танбады. Әрдайым «адал өмір сүріңдер» деп отыратын.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Бақытжан Доспановтың айтуынша, 1954 жылы 1,5 жарым жасында отбасымен бірге Алматыға көшіп келген.

1956 жылға дейін екі отбасы Хиуаз Доспанова 1951 жылы алған үш бөлмелі пәтерде бірге өмір сүрген. Бұл пәтерде ұлы тұлға өмірінің соңына дейін тұрған.

Фото: Камшат Әбдірайым / Kazinform

— Әкем тірі кезінде жиі барып тұратынбыз. Баласы Ерболатпен бірге ордендермен ойнайтынбыз. Үйінен кетерде маған 1 рубль беретін. Сол ақшаға дүкеннен қалам, дәптер сатып алатынмын. Қызметіне байланысты жиі іссапарға шығатын, Мәскеуге барған сайын бізге сыйлық әкелетін. Әкем өмірден өткеннен кейін де оған әр апта сайын барып тұрдым. Ол маған өте жақын жан еді. Үйіне кіргенімде маңдайымнан сүйіп, құшақтап: «Бақытжан, қалайсың?» деп амандасатын. Тамаша адам болатын. 37 жылда бітірген ісін көп адам екі өмір сүрсе істей алмас еді, — дейді Бақытжан Доспанов.

Фото Ерболат Әміровтың отбасылық архивінен

Айтуынша, Жеңіс күні ардагерлер Хиуаз Доспанованың үйіне жиналып, соғыс жылдарын еске алып, майдан әндерін шырқайтын.

2004 жылы Хиуаз Доспановаға еліміздің ең жоғары марапаты — «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» белгісі табысталды.

Фото: Камшат Әбдірайым / Kazinform

Хиуаз Доспанова 2008 жылы 20 мамырда Алматыда өмірден озды.

Батыр ананың жалғыз ұлы Ерболаттың Баян есімді қызы АҚШ-та тұрады, ал ұлы Қанат Алматыда IT саласында қызмет етеді. Ал жиені Бақытжанның егіз ұлдары және немере-шөберелері бар.

Фото Ерболат Әміровтың отбасылық архивінен

Еске салайық, 2020 жылы Атырау халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанованың есімі берілді.

Фото: Тұрсын Қалимова

Кейін Атырау әуежайында Хиуаз Доспановаға мемориалды тақта орнатылды.

Сол жылы Оралда Халық қаһарманы атындағы көше ашылды.

Air Astana әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 лайнеріне Хиуаз есімі берілген. 

Фото: Рахим Койлыбаев

2022 жылы қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толды.

Фото: Тұрсын Қалимова
Фото: Тұрсын Қалимова
Фото: Тұрсын Қалимова