Ольга Осипчук үшін жұма күні бауырсақ, шелпек пісіру жастайынан қалыптасқан дағды. 32 жастағы келіншектің әкесі – қытай, анасы украин ұлтынан. «Ал, мен болсам қазақпын дейді», - екі баланың анасы.
Абай, Мұқағали Мақатаев сынды біртуар тұлғалардың өлеңдерін жатқа оқиды. Тіпті, «Көзімнің қарасы» әнін шырқап, бейнеклип те түсірген.
Жастайынан қазақ тілінде сөйлеп өскен Ольга Шахтинск қаласында туған. Қарқаралы ауданына қарасты Қоянды ауылының мектебін тәмамдаған. Соңғы жылдары Астана қаласы әкімдігінде жұмыс істеген. Түрлі байқауларда жеңіске жеткен. Бос уақытын монолог оқып, поэзия әлемімен өткізуді қалайтынын айтады.
Тағы бір қыры – қазақтың киелі домбырасын да меңгеріп алған. Қазіргі таңда шертпе күйдің шеберлері қалдырған мол мұраны санасына сіңіріп жүр. Жақын күндерде онға жуық күйді үйреніп, орындамақ ниетте.
Кейіпкеріміз бүгінгі таңда коммуналдық мекемелердің бірінде еңбек етеді. Қазақы салт-дәстүрді берік ұстанған украин қызының ендігі мақсаты – әлеуметтік желі арқылы Алаш зиялылары қалдырған мұраны жас ұрпаққа насихаттау.