Кейінгі күндері менің атыма көп сын айтылды - Екібастұз әкімі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Екібастұз жылу электр орталығында (ЖЭО) болған апатқа байланысты өткен жедел штабтың отырысында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тұрғындарға жедел әрі шынайы ақпарат беру бағытындағы мәселелерді көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір қала тұрғындарының әлеуметтік желілерде көп чаттары бар. Оған жалған ақпарат жиі түсіп жатыр. Сондықтан, бұл чаттарға нақты мамандарды енгізу керек. Олар керек жауапты ресми түрде ұсынып отыруы тиіс. Осыны ұйымдастыру жағын қарастыру қажет», - деп тапсырма берді өңір басшысы Асайын Байханов.

Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин әлеуметтік желідегі бірнеше топта тиісті құзырлы органдар жедел жауап берумен айналысып жатқанын атап өтті. Мұнымен қатар, шаһар басшысы кейінгі кезде өзінің атына сын көп түсіп жатқанын мәлімдеді.

«Чаттар негізі көп. Құрамында қала азаматтарының біразы бар чаттарды менің орынбасарым қарап отырады. Қалған кіші чаттарда ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері жауап беріп отырады. Кейінгі бірнеше күнде сынның біразы менің атыма келіп түсіп жатыр. Себебі, көпшілік жедел ақпартты күтеді», - деп тоқталды Аян Бейсекин.