Кейінгі бес жылда қазақстандық ЖОО-лар барлық негізгі рейтингтер бойынша тұрақты өсіп келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жоғары білім сапасы халықаралық рейтингтер арқылы оң бағаланып отыр. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

Фото: Pexels

Министрдің айтуынша, кейінгі бес жылда қазақстандық жоғары оқу орындары халықаралық рейтингтерде тұрақты өсім көрсетіп келеді.

– Халықаралық рейтингтер мен бағалаулар жеткілікті объективті көрініс береді. Кейінгі бес жылда біз барлық негізгі рейтингтерде тұрақты түрде өсіп келеміз. Мысалы, өткен жылы QS рейтингісінде 27 университетіміз бар. Алғашқы университеттеріміз ТОП-300, ТОП-500 қатарына енді. Әлемдік рейтингте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 163-орында тұр, – деді министр.

Сонымен қатар Times Higher Education рейтингісінде алғаш рет 5 қазақстандық университет 300–400 тобына енген. Назарбаев университеті де аталған рейтингке қосылған.

Министр инженерлік білім беру сапасын арттыру мақсатында стандарттар толық қайта қаралғанын атап өтті. Көптеген техникалық жоғары оқу орындары өндірістік полигондармен, технопарктермен және нақты өндіріс орындарымен жабдықталған.

– Мысалы, университеттердің өз кен орындары бар. Болашақ инженерлер тәжірибе жүзінде бұрғылап, өндіріс процестеріне қатысады, – деді спикер.

Министрдің айтуынша, жоғары білім сапасын арттыру жұмыстары жалғасады.

– Соңғы үш жылда үш университет лицензиясынан айырылды. Тағы бірнеше оқу орны бойынша тексеру жүріп жатыр. Қазіргі уақытта кемінде екі университет бойынша тиісті жұмыстар жүргізілу үстінде, нақты шешім қабылданған кезде қосымша хабарлаймыз, – деп толықтырды Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, Ұлттық рейтингке ілінбеген университеттер қаржыландырудан қағылады.