Кейінгі жылдары елімізде 400-ден астам бала тамақтан уланды
Сенатор Ақмарал Әлназарова Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында мектептерде балаларға берілетін тамаққа қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды Kazinform.
Сенатордың айтуынша, қазақстандық балалардың арасында анемия таралуы 58 пайызға жеткен, А дәруменінің тапшылығы – 23%. Балалар арасында жұқпалы емес созылмалы аурудың көбеюі байқалып отыр.
«Білім беру мекемелерінде тамақтануға байланысты сырқатқа алып келген жағдайлар көбейген. 2020 жылдан бері мектеп жасындағы 425 бала тамақтан улану салдарынан зардап шекті. Негізгі себептер ретінде асхана қызметкерлері арасында ішек инфекциясының болуы, медициналық тексеруден өту туралы құжаттарды қолдан жасау, объектіде санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының болмауы, азық-түлікті сақтау және өткізу шарттарының бұзылу жағдайы анықталды. Бүгінде елімізде 7 381 мектеп жұмыс істеп тұр. Күн сайын бір жарым миллионнан астам бала тамақтанады және олардың саны көбейіп келеді. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету шараларын күшейту керек», - деді А. Әлназарова.
Сонымен қатар депутат мектептердің 20 пайызында ғана бірыңғай тамақтандыруды ұйымдастырудың қолданыстағы стандарттары жүзеге асқанын атап өтті. Қазіргі кезеңде әртүрлі жастағы оқушыларды тамақтандыруға арналған мәзірді қалыптастыруда біркелкі әдіснама жоқ.
«Әрбір үшінші мектеп асханасында кәсіби білімі жоқ аспаздар жұмыс істеп жатыр. Білім беру ұйымдарында таза ауыз суға қол жеткізу әлі де проблема күйінде қалып отыр. Мектеп оқушыларының 68 пайызы үйден су әкеледі, шамамен 30 пайызы мектепте су сатып алады. Мектепте ауыз сумен қамтамасыз ету балалардың қантты сусындарды ішуін азайтады», - деді сенатор.
Айта кетейік, биыл жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сыныптағы барлық оқушыға тегін ыстық тамақ беріліп жатыр.