Кез келген адам ойын-сауық орталықтарының өрт қауіпсіздігін тексере алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өрт қауіпсіздігі бойынша өкілетті органдармен бірге ел тұрғындарын нысандарды инспекциялауды ұсынды. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Агенттік ТЖ комитетімен бірлесе елдегі 1 151 сауда орталығында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауға қатысты тексерулер процесіне ел азаматтарын жұмылдыруды жоспарлады», - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, 29 наурызда ТЖ комитетінде өткен ведомствоаралық кеңес аясында жоспарланған тексерулерге ауқымды қоғамдық бақылаудың қажеттігі туралы шешім қабылданды.

Осы орайда кез келген адам өкілетті органдармен бірлесе нысандарды инспекциялауға қатыса алады деп қарастырылып отыр. Ол үшін танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы агенттіктің тиісті өңірлік департаментіне алдын ала өтінім жасау керек.

Сонымен қатар, тексеру шараларының белсенді қатысушылары ретінде агенттіктің арнайы мониторингтік топтарының мүшелері де болады. Олардың арасында түрлі салалардың сарапшылары қамтылған.

Мұнымен қоса, кәсіпкерлер инспекторлардың заңсыз іс-қимылдарына тап болса, онда көрсетілген байланыс желілері бойынша шағымдана алады.

Бұдан бөлек, агенттік ел тұрғындары мен үкіметтік емес сектор ұйымдарын түрлі бағыттар бойынша «Қоғамдық бақылау картасы» жобасын жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырады.