— Жалпы, бұл жолғы Жолдау Президентіміздің «барлық реформаның өзегі — адам» деген басты қағидатты үздіксіз ұстанып келе жатқанын тағы да дәлелдеді. Елімізде атқарылып жатқан игі істердің барлығы халық үшін және халықпен бірге жасалып жатыр. Бұл — Мемлекет басшысының берік ұстанымы. Осы ретте, Жолдауда еліміз үшін тағы бір маңызды реформаны қолға алу ұсынылды. Ол — Парламенттік реформа, яғни болашақта бір палаталы Парламент жүйесіне көшу. Мұны да халықпен бірге талқылап шешу қажет деді. Мемлекетіміздің болашағына қатысты тағдыршешті мәселенің бәрі халықтың талқысына салынып, шешім қабылдауды халықтың өзіне беру — Президентке тән ашық басқару стилі. Бұл азаматтардың пікірін құрметтеу және жаңа саяси мәдениет қалыптасқанын көрсетеді. Бір палаталы Парламент идеясы қоғамда біраз уақыттан бері талқыланып келеді, — деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.
Осы орайда ол 2022 жылғы конституциялық реформа барысында осы бағыттағы алғашқы қадамдар жасалғанын еске салды.
— Парламенттің рөлі едәуір артқанын өздеріңіз білесіздер. Сондықтан бұл бастама кезең-кезеңімен іске асып келе жатқан жүйелі, байыпты реформалардың жалғасы ретінде қабылдануы қажет. Ол ұзақ уақытты әрі тұтас қоғамның атсалысуын талап ететін терең институционалдық реформа екенін түсінген жөн. Сондықтан алдағы жылы сарапшылардың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның қатысуымен жан-жақты талқылау жүргіземіз. Осы жұмысқа барлық саяси партия белсене атсалысуы қажет. Бұл реформа Конституцияға және конституциялық заңдарға өзгерістерді қажет етеді. Осы жерде мен мына мәселеге де назар аударғым келіп отыр. Бүгінде кез келген адамға елдің саяси өміріне еркін әрі тікелей араласуына толық мүмкіндік бар. Ауыл, аудан, қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесі орнықты. Жергілікті мәслихаттарға да мажоритарлық жүйе арқылы сайлау өтіп жатыр. Жыл бойы сайлау өткізу қалыпты құбылысқа айналды. Кешегі Жолдауында Президент келешектегі бір палаталы Парламентті партиялық тізіммен жасақтауды ұсынды. Бұл партиялардың рөлін де, беделін де арттыра түседі, — деді Мәжіліс төрағасы.
Айта кетейік, 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.