Кез келген діннің қасиетті саналатын, киелі тұтылатын құндылықтарына, пайғамбарларына еш тіл тигізуге болмайды - Қ. Жолдыбайұлы

АСТАНА.  21 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Әлемдегі барлық дәстүрлі діндер адамгершілікті уағыздап, адами құндылықтарды насихаттау арқылы адамзатты игілікке, ынтымаққа, өзара түсіністікке шақырады.

Сондықтан да, кез келген діннің қасиетті саналатын, киелі тұтылатын құндылықтарына, пайғамбарларына тіл тигізуге болмайды». Күллі мұсылманның наразылығын тудырған, кейіннен соның салдарынан бірқатар елдерде зорлық-зомбылық белгілері белең алған АҚШ-та түсірілді делінетін атышулы фильмге қатысты осындай пікірді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі, Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы білдірген болатын.

Еске салсақ, әлгіндей арандатқыш фильмді басқа дін өкілдері де айыптап, халықаралық ұйымдар да арнайы үндеу жариялағанымен, жолдау жасағанымен қайсыбір арам ниеттілердің отқа май құя түсетін әрекеттері де орын алмай қоймады. Сондықтан да, мәселенің мәнісін түсініп, ақ-қараны ажыратуға мұсылманның байыптылығы болғаны әруақытта абзал дүние еді. Сол үшін Қайрат Жолдыбайұлының арандатушы фильмге қатысты білдірген ойын толық бергенді жөн санадық.

*  *  *

«Кешегі бүкіл Ислам әлемін дүр сілкіндірген, Пайғамбарымызды келемеждеп көрсеткен фильм жекелеген арандатушылардың немесе қара ниетті жасырын ұйымдардың ісі екені түсінікті. Сол себепті, мұны - әлем тыныштығын бұзатын, мұсылмандардың арасына іріткі салып, бейбітшілік пен ынтымақтастыққа сызат түсіретін әрекет деп білеміз. Сондай-ақ, Ливиядағы АҚШ елшілігіне шабуыл жасап, фильмге қатысы жоқ адамдарды өлтіргендер де шынайы мұсылмандар болмауы мүмкін. Бұл да игілікке жаны қас сол арандатушы топтардың алдын ала ойластырылған қитұрқы саясаты болуы әбден ықтимал. Сондықтан да, мұндай жағдайда босқа арандап қалмауымыз қажет. Осыған ұқсас арам пиғылды жағдайлар бір емес, бірнеше рет болғанын білеміз. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрынғы Данияда Пайғамбарымыздың карикатурасы шықты. Енді міне әлем мұсылмандарының намысын қоздырған фильм түсірілді. Бұл бүліктің қызуы басылмай тұрғанда кеше Францияның бір басылымында Пайғамбарымызды жағымсыз бейнеде көрсеткен тағы бір карикатура жарық көрді.

Ендеше мұндай жағдайда мұсылмандардың әрекеті қандай болуы керек?!

Біріншіден, біз - мұсылмандар бүлік шығарушы дүниелерге қарсылығымызды бейбітшілік жолмен, дипломатиялық тәсілмен өркениетті түрде жеткізуіміз керек. Әрбір арандатушы әрекетке елшіліктерді өртеп, кінәсіздерді өлтіріп, туларын жағып, мұсылманға жараспайтын мінез танытсақ, мұсылман деген атқа кір келтіреміз. Дін дұшпандарының қалап отырғаны да осы. Егер біз ондай іс-әрекеттерге бұрқ етіп үдере көтеріле берсек, ниеті қара жасырын ұйымдар мұсылмандардың қытығына тиіп, сезімімен ойнауды әдетке айналдырып, бүкіл үмбетті ойыншық қылуы мүмкін. Оларға да мұсылмандардың арасына от тастап, сол отты көсеп қойып, қызық көріп отырған ұнайды. Тіпті, әлемнің назары басқа жаққа бұрылған сәтте былайғы бейбіт уақытта жасай алмайтын саяси ойындарын жүзеге асыру үшін осындай қадамдарға әдейі баруы ықтимал. Сондықтан да, жалаң сезімге берілмей, жалған ұранға ұрынбай оларға салмақпен, салқынқандылықпен жауап беруге тиіспіз.

Екіншіден, қандай да болсын діни сенімге және оның құндылықтарына қол сұғуға, қорлауға жол бермейтін, адамдардың нанымын аяққа таптағандардың жазасын беретін халықаралық деңгейдегі заң бар болса, соны қолдану қажет. Ал ондай заң жоқ болса, онда қабылдау керек. Себебі, бұл жағдай бүгін мұсылмандардың басынан өтсе, ертең өзге діндер де бұған тап болуы мүмкін. Сол үшін мұндай дін құндылықтарына қол сұққандарға тек қана мұсылман дін өкілдері ғана емес, сонымен қатар, өзге діндегілер де, жалпы ізгілікті насихаттаған күллі адамзат жұмыла үн қатып, қарсылық білдіріп, айыптау керек. Сондықтан да, ондай заң адамзат игілігі үшін ауадай қажет.

Үшіншіден, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы секілді халықаралық ұйым мінберлерінен мұсылман басшылары, түрлі дін өкілдері кінәлі адамдарды, мұндай арандатушы істің артында тұрғандарды тауып, жазалануын талап ету керек. Себебі, ондай адамдар әлемнің тыныштығын бұзады, араға іріткі салады. Олар жазаланғанда ғана өзгелерге сабақ болмақ.

Төртіншіден, Пайғамбарымыздың кім екенін, мұсылмандардың шынайы бет-бейнесін танытатын шаралар атқарылуы қажет. Әлемдегі халықаралық мұсылман ұйымдары Пайғамбарымыз жайында фильмдер түсіріп, кітаптар таратқаны дұрыс. Сондай-ақ, мұсылмандарға ғана емес, күллі адамзатқа бағытталған қайырымдылық шараларын ұйымдастырған жөн. Міне, сонда ғана біз өзімізді өзгеге мойындата аламыз. Мұсылман атын қорғап қаламыз.

Бесіншіден, өткендегі фильмнен кейін қаншама миллиондаған мұсылмандар өре көтеріліп, көшеге шығып, қарсылықтарын білдірді. Бұдан олардың Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігін байқадық. Десек те, былайғы бейбіт күнде сол «миллионымыз» Пайғамбарымыздың өнеге еткен өмірін берік ұстанып, Алла Елшісіне деген сүйіспеншілігімізді жоғары деңгейде өз ісімізбен, көркем мінезімізбен, сөзге беріктігімізбен, іске деген жауапкершілігімізбен таныта алып жүрміз бе? Сол миллиондаған халық шеруге шыққаны тәрізді таң намазына мешітке жинала ма екен? Ендеше әр мұсылманның міндеті - бейбіт күнде де Пайғамбарымыздың салып кеткен сара жолын, ғибратты ғұмырын өз ісімен насихаттай білу. Сонда ғана жат та бізді мойындап, мұсылман әлеміне бағытталған небір сұрықсыз дүниелерге сенбек емес, керісінше өздері дабыл қағып, «шын мәнінде мұсылмандар ондай емес» деп бәлкім қорғар ма еді?.. Ал басқа радикал әрекеттерді біз құптамаймыз. Исламда да елшілер сол мемлекеттің қорғауында болады деген халықаралық заңнамалардағыдай елшілердің арнайы мәртебесі бар. Бұл Құранның үкімі».