Кез келген еңбек қадірлі: Павлодарда республикалық жастар форумы өтіп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Халықаралық жастар күніне орай Ертіс бойында республикалық жастар форумы басталды. Екікүндік жиынға еліміздің әр өңірінен белсенді, еңбекқор әрі болашағынан үміт күттіретін 100-ден астам жас маман жиналды.

Фото: Есенжол Исабек

Павлодар облысы Жұмысшы мамандықтар жылында көптеген ірі шараның орталығына айналып отыр. Соның бірі Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған республикалық жастар форумы. Ұйымдастырушылар атап өткендей, жиынның мақсаты — жас мамандардың көшбасшылық қасиеттерін, кәсіби құзыреттіліктерін және өз саласы мен өңірінің болашағына жауапкершілігін дамытуға жағдай жасау.

Жиналғандар тәжірибе алмасып, кәсіби өсу жолдарын кеңейтіп, табысты еңбек жолының үлгілеріне қанықты. Отандық өндірісті жаңғырту үдерістеріне жастардың қатысуын күшейту, мансаптық мүмкіндіктерді кеңейту бағытындағы тақырыптық сессиялар, тренингтер, пікірталас алаңдарында көптеген тың және қызықты мағлұмат айтылды. Жастар екі күндік форумда Павлодар қаласының әсем жерлерімен, өндірістік кәсіпорындарымен танысып, өздері үшін пайдалы тұстарды көңілдеріне тоқып қайтқаны даусыз.

Фото: Есенжол Исабек

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жұмысшы мамандықтарға ерекше назар аударып, жұмыс берушілерді мамандардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге шақырғаны мәлім. Президенттің айтуынша, жұмысшы мамандықтар жылы қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілетуге ықпал етеді.

–Жұмысшы мамандықтар орындарын дамыту — ел болашағына, оның технологиялық және экономикалық дамуына салынған инвестиция. Ертістің Павлодар өңірі — өнеркәсібі дамыған аймақ. Ел экономикасының ілгерілеуіне айтарлықтай мол үлесін қосып отыр. Облыс бойынша 250 мыңнан астам жас буын өкілдері бар. Олар жүздеген мамандықты игеріп, әркім өзі қалаған салада нан тауып жүр. Жұмысшы мамандықтары жылында біз қарапайым еңбек адамдарын үлгі етіп, жастардың назарын жұмысшы мамандықтарына қарай бұруға талпынып жатырмыз, — деп атап өтті Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова форумның ашылу салтанатында.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов тұрғындардың үштен бірін жастар қауымы құрайтынын жеткізді. Оның сөзінше, заманға сай кәсіптік-техникалық мамандықтарды игерген жастарға өндіріс орындарынан сұраныс күннен-күнге өсіп келеді.

Фото: Есенжол Исабек

— Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамытуға бағытталған WorldSkills қозғалысы, «Дарын», «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлықтары, түрлі гранттар мен шәкіртақылар, жобалар, конкурстар жастар үшін мамандық таңдауда үлкен серпін берді деп ауыз толтырып айта аламыз. Орта кәсіптік оқу орындарында соңғы үш жылда шәкіртақы мөлшері екі есе өсті. Жас отбасыларды баспанамен қамтуға арналған «Наурыз Жұмыскер» ипотекалық бағдарламасы да қабылданды. Мұның сыртында көптеген ірі кәсіпорындар өз жас мамандарын қолдап, жеке әлеуметтік бағдарламалар түзіп жатыр. Мұның барлығы Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың өз орнымен іске асып жатқанын білдіреді. Бұл тұста Павлодар облысы жастар саясатын дамытуда көшбасшылар қатарында екенін айтып өткізім келеді, — деді Евгений Кочетов.

Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко бүгінде облыстық депутаттар корпусының 30 пайыздан астамы жастар екенін атап өтті. Ал өңір бойынша бес саяси партия филиалдарының төртеуін жастар басқарып отыр.

Фото: Есенжол Исабек

Форум қатысушыларының бірі Алпамыс Мерей Өскемендегі «ҚазЦинк» ЖШС-нан келіпті. Айтуынша, Алтай қаласының Малевский кенішінде кен тиегіш техниканың машинисі болып еңбек етеді. Кәсіпорында 7 жылдай жұмыс істейді.

— Бұрын мемлекеттік қызметте, әскерге шақыру комисариатында қызмет еттім. Арада біраз уақыт өткенде өндіріске баруға бел будым. Қазіргі уақытта бұл шешімімнің дұрыс болғанына көзім жетіп отыр. Еңбекақымыз жоғары, жұмыс беруші арнайы киіммен, жұмыс барысында тамақпен қамтамасыз етеді. Жылына 2 рет еңбек демалысына жіберіп тұрады. Ең бастысы, өндіріс орнының арқасында 2 жоғары білімді игердім. Бірі металлург мамандығы болса, екіншісі дене шынықтыру педагогы мамандығы. Екеуінің де оқу ақысын кәсіпорын толық өтеп берді. Жас отбасыларды үнемі қолдап, отын-суына септеседі, — дейді жас маман.

Ал ERG компаниясының Астана қаласындағы бас кеңсесінің аналитігі, компаниядағы жастар лигасының елордадағы кеңсе басшысы Нұржан Абдикеров жас мамандарды өндіріс орнына тарту және жастар ресурстарын дамытуға қатысты өз ойларымын бөлісті.

Фото: Есенжол Исабек

— Көп жастар өндірісте ескі технология қолданылып, адамдар шаң-тозаңы бұрқыраған, ауыр жағдайда еңбек етеді деп ойлайды. Шын мәнінде қазір біздің кәсіпорындардың барлығы дерлік жаңа технологиямен жарақталған, озық әдіс-амалдар енгізіліп, қызметкерлеріміздің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін қауіп-қатерлер барынша азайтылған. Жарқыраған цехтарды көрген болашақ мамандар шын мәнінде таңырқап қалады. Себебі олардың ойлары мүлде басқа ауанда болып келген. Сондықтан жастарды өндіріс орнымен жиі таныстыруға, өндіріске ерте бастан үйретуге ден қойып отырмыз. Кейбір белсенді жас жұмысшыларды бір күнге учаске басшысы, шебер етіп тағайындап, өзінің мүмкіндігін көрсетуге ерік береміз. Өзім де қарапайым маркшейдер болып бастаған едім, басшылар белсендігімді байқап, қазіргі күні жауапты қызметтер беріп отыр, — деп жетістігімен бөлісті Нұржан.

Фото: Есенжол Исабек

Форум аясында ертең ауқымды көрме ұйымдастырылады деп күтіліп отыр. Оған еліміздің 40-тан астам өнеркәсіп және тауар өндіруші кәсіпорындары қатысып, өз өнімдерін, ең жаңа әзірлемелерін және қызметтерін ұсынады. Қатысушылар арнайы көрсетілім аймақтарын, шеберлік сабақтарын және презентациялар ұйымдастырады.

Бұған дейін Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждермен әріптестік орнатқан кәсіпорындар саны артқаны туралы жазғанбыз.