Кез келген кедергіні еңсеріп, қиындықты жеңуге дайынбыз - Мемлекет басшысы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы ретінде халық үшін барлық күш-жігерімді жұмсай беремін. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің бағытымыз белгілі, мақсатымыз айқын. Ең бастысы сол мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жақсы білеміз. Нақты жоспар жасап, соны жүзеге асырып жатырмыз. Біз қолға алған игі бастаманың бәрін соңына дейін жеткіземіз. Кез келген кедергіні еңсеріп, қиындықты жеңуге дайынбыз. Мен Мемлекет басшысы ретінде халық үшін барлық күш-жігерімді жұмсай беремін»,- деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті мемлекеттік қызметкерлер және бүкіл қоғам біртұтас ел ретінде алдымызда тұрған міндеттерді орындау үшін жұмылуға тиіс екендігін атап өтті.

«Әйтпесе, ертең кеш қалуымыз мүмкін. Себебі дүниежүзіндегі ахуал құбылмалы әрі түрлі сын-қатерлерге толы. Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде ұйымдасқан ұтады. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған. Біздің күш-қуатымыз берекелі бірлікте. Ендеше бірлігімізді бекемдеп ел үшін еңбек етейік. Қасиетті отанымыз мәңгі жасай берсін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.