ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің бас сарапшысы Зинаш Жандилдинаның айтуынша, ағымдағы жылдың 19 наурызында министр Бақытжан Жұмағұлов өткізген кеңейтілген алқа жиынында ҰБТ мәселесі кеңінен талқыланған. Сол алқаның шешімі бойынша ереже қабылданған. ҚР Үкіметінің қаулысымен ақпанның аяғында мамандықтар бойынша гранттардың санына мемлекеттік тапсырыс енгізілген. Енді түлектердің мамандықты таңдауына айқын бағыт берілді. Бұл ЖОО қызметкерлерінің студенттердің қатарын толықтыру мақсатындағы үгіт жұмыстарын жүргізуіне де қолайлы болуда. Мемлекеттік білім беруді дамытудың 2011-2020 жылға арналған бағдарламасында да ұлттық тестілеуге қатысты нақты жазылған.
Атап өтерлігі, биыл ҰБТ сегізінші рет өткізілгелі отыр. ҰБТ еліміз бойынша 154 пунктте өтеді. 2010-2011 оқу жылында республика көлеміндегі мектептерде шамамен 160 мыңға тарта оқушы оқиды.
Бүгінде 10 наурыздан бастап жергілікті жерлердегі білім мекемелеріне ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірушілерден өтініштер қабылдануда. Алайда бас сарапшының айтуынша, өткен жылы еліміз бойынша мектеп бітірушілердің 80 пайызы осындай өтініш бергенімен, солардың тек 77,9 пайызы ғана ҰБТ-ға қатысқан. Оған түрлі себеп болған. Соның бірі - мұғалімдер мектептің абыройын көтеру үшін нашар оқитын оқушыларды ҰБТ-ға қатыстырмай, мектепте емтихан тапсыруға үгіттеген. Өткен жылы министрлікке сәуір, мамыр айларында бұл тұрғыда ата-аналар, оқушылар тарапынан көптеген жеделхаттар түскен. «Мұндай әрекет мектептердегі білім сапасының қандай дәрежеде екенін анықтауға мүмкіндік бермеуде. Көзбояушылық жасап, оны жасырғаннан пайда жоқ. Кез-келген оқушының ҰБТ тапсыруға құқығы бар. Оған ешкім кедергі жасамауы тиіс», - деді Зинаш Жанділдәқызы.
Биылғы ҰБТ да әдеттегіше 1-10 маусым аралығында өтеді. Парақ үлгісі сол қалпында. Бұл талапкерлердің жергілікті жерде тест тапсырып, жоғары нәтижеге жеткендерінің еліміздің кез-келген ЖОО-сына түсуіне мүмкіндік беріп отыр. Тест сұрақтары терең талданып, толық сараптаудан өткізілген. Тест сұрақтарына тек мектеп бағдарламасындағы сұрақтар енгізілген. Олардың ішінде жеңіл сұрақтар азайған, орташа деңгейдегі сұрақтар көбейтілген, күрделі дегендері өзгеріссіз қалдырылған. Берілген уақыт - 3,5 сағат. Таңдаған мамандығынан 7 балдан жоғары, қалған пәндерден 4-тен кем емес балл жинағанда ғана мемлекеттік грантпен оқуға түсу үшін конкурсқа қатыса алады. Соңғы үш жылдағы жағымды жаңалық - талапкерлердің техникалық мамандыққа деген ықпалы артып, физика, химия, биология пәндерін төртінші пән ретінде таңдау көбейген. Бұған мемлекеттік тапсырыстың, гранттың көбеюі де әсер етуде.
Бес пән бойынша тиесілі 125 сұрақ берілген. Сертификатқа бұрынғыдай төрт емес, бес пәннің балл нәтижесі толық жазылады. Алайда ЖОО тапсырғанда бұрынғыша төрт пәннің қорытынды нәтижесі алынады. ЖОО-ға түсу үшін шекті деңгей барлық мамандық бойынша 50, ал жалпы медицина үшін 55 балл. Өткен жылы 11,596 талапкер шекті деңгейден де төмен балл алған. Дегенмен, колледжге түсуге ниет етсе, талапкер сол оқу орнының қабырғасында емтихан тапсырып, бағын сынай алады.
Тест тапсыруға кірер алдында талапкерлерді ІІД қызметкерлері комиссия мүшелерінің қатысуымен металл іздегіш арқылы тексеріп өткізеді. Оған қоса ҰБТ өтіп жатқан 3-4 сағат мерзімге ұялы байланысты қабылдауға мүмкіндік бермейтін қондырғы орнату мәселесі қаралу үстінде (Бұл эксперимент ретінде оңтүстік облыстарда қолданылған).
Соңғы екі жылды салыстырғанда түлектердің ҰБТ-дағы білім көрсеткіші орта есеппен алғанда бірден 10 пайызға көтерілген (2009 жылы - 74,9, 2010 жылы - 84,9 пайыз). 2009 жылы ҰБТ -ға қатысқан 11174 оқушының 10,7 пайызы, өткен жылы 24277 түлектің 22,6 пайызы 100-ден астам балл жинаған. Бұл бір жағынан қуантарлық нәтиже болса, оның екінші «қыры» да анықталып отыр. Атап айтқанда, ҰБТ кезінде түлектердің ұялы телефонды пайдаланғаны анықталған. Оған қоса «Кері байланыс» жүйесі іске қосылған. Атап айтқанда көзден таса бір «бункирде» ауданның бетке ұстар мықты мұғалімдерін отырғызып қойып, ұялы телефонмен байланыс жасау нәтижесінде «сымсыз байланыс» үлгісінің озық тәсілі қолданылған. Сөйтіп кезекшілікке қойылғандардың көмегімен талапкерлерге дұрыс жауаптардың жеткізілуі қамтамасыз етілген. Бұл министрлікке дейін жеткен нақты дерек. Сондықтан сегіз ауданның білім басшысы, көптеген мектеп директорының жұмысынан босатылуы, жоғарыдағыдай «Тапқышбектердің» жұмыстан қуылуы басқаларға сабақ болуы тиіс. Міне, осындай «жанашырлардың» жолын кесу үшін биылғы ҰБТ-ны өткізуге қатысты қатаң талап қойылуда.
«ҰБТ - өте жауапты шара. Оны ойдағыдай өткізу мемлекеттік комиссия төрағасынан бастап, соған қатысты әрбір адамға байланысты. Сондықтан биыл оларға үлкен жауапкершілік жүктелген», - деді министрлік өкілі. Еліміз бойынша ҰБТ өтетін 154 пункттің 49-ында мемлекеттік комиссия төрағасы болып ЖОО ректорлары тағайындалған. Комиссия құрамы да терең сараптамадан өтеді. Атап айтқанда, баласы ҰБТ-ға қатысатындар комиссия мүшесі бола алмайды. ҰБТ кезінде құрылған тәуелсіз комиссия мүшелері сол аудиторияда бастан-аяқ отыруы тиіс. Оның құрамындағы ата-ана, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері өз балалары отырған аудиторияға жіберілмеуі тиіс. Әр түлектің болашағына жол ашатын білім сайысы кезінде оларға моральдық-психологиялық демеу беретін кезекшілердің тегі сарапталып, олар білім басқармасы басшылығының бұйрығымен бекітіледі. Кезекшілер тарапынан тәртіп бұзушылық болса, оған мемлекеттік комиссия төрағасымен бірге білім басқармасы да тікелей жауап береді.
Биылғы ереже бойынша егер талапкер тест тапсыру кезінде тәртіпсіздік жасаса (отырған орнын ауыстырса, парақты жалғастырса, ұялы телефонды пайдаланса, сыртқа шығып кетіп, ұзақ уақыт оралмаса т.б.), ол аудиториядан шығарылып, министрдің өкілі акт жасайды да, ол талапкердің білім нәтижесінің бәрі жойылады. Актіге мемлекеттік комиссияның төрағасы, тәуелсіз бақылаушылар, кезекшілер қолдарын қояды. Объективті түрдегі соңғы шешімді ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері қабылдайды.
Зинаш Жандилдина осындай толыққанды мәліметтермен таныстыра отырып, батысқазақстандық түлектердің білім деңгейінің жоғары екенін, олардың алғашқы ондықтың ішінен көрінуі мектеп ұстаздары мен білім басқармасының жемісті еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.