Кез келген жауапсыздықтан адам өмірі келтеден үзіледі– қызылордалық құтқарушы

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Құтқарушылар қиын жағдайға тап болған азаматтарға шұғыл жетіп, көмек қолын созады. Өз міндетін адал атқарып, елдің алғысына бөленіп жүрген жедел-құтқару жасағының мамандары әркез құрметке лайық. Бүгін кең ауқымда аталып өтіп жатқан Құтқарушылар күні мерекесінде Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Әбділда Баякеевті әңгімеге тартқан едік.

- Әбділда Сәрсенбайұлы, өздеріңізді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Қызметтеріңізге әрдайым сәттілік, абырой тілеймін. Өрт сөндіру, судан құтқару және өзге де төтенше оқиғалар барысында биыл мамандар қандай жұмыстар атқарды?

- Әрбіріміз қауіпсіздік шараларына қашан да баса назар аударғанымыз дұрыс. Десе де, кейде өмірімізде сәтсіздіктер орын алып, төтенше оқиғалар туындап жатады. Сол сәтте жедел-құтқару жасағының мамандары оқиға орнына жылдам жетіп, төтенше оқиғаның алдын алуға тырысады. Бұл – құтқарушылардың күнделікті жұмыс дағдысы. Олардың әрбірі өзінің ісіне әбден бейімделген. Кез келген сәтте тәжірибенің қажет екені белгілі. Сондықтан біз мамандардың шеберлігін шыңдауға үнемі назар аударып отырамыз.

Биылғы жылдың тоғыз айында облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мамандары дабыл бойынша 9422 (Жедел құтқару жасағы 624 рет) шықты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,3 пайызға көп. Олардың арасында басым бөлігін өрт, өртке жатпайтын жану оқиғалары құрайды. Сондай-ақ жыл басынан бері авариялық құтқару, іздестіру-құтқару, жол-көлік оқиғалары, тұрмыстық сипаттағы төтенше жағдайларға байланысты жұмыс жүргізілді.

- Мекеме тарапынан құтқару жұмыстары күнделікті атқарылатыны белгілі. Тоғыз айда қанша адамның өміріне араша бола алдыңыздар?

- Жыл басынан бері төтенше жағдайларға тап болған 243 адам құтқарылды. Оның ішінде 180-і жасөспірімдер. Құтқарылғандар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 12,7 пайызға көп. Сондай-ақ 5 адам эвакуацияланды. Құтқарушылар түрлі жағдайда қаза болған 36 адамның денесін шығарды. Өкінішке орай, олардың арасында балалар да бар.

Облыста суға кеткен азаматтар саны өткен жылмен салыстырғанда азайды. Былтыр 48 адам суға кетіп қаза болса, биыл 28 адам ажал құшты. Тұрғындар су айдындарында өте сақ болғанын сұраймыз.

Кез келген жауапсыздық адам өмірінің келтеден үзіліуіне алып келеді. Елдің арасында осындай немқұрайдылыққа жол беріп қоятындары жоқ емес. Әрбір азаматтың өмірі қымбат. Ол – бір отбасының асыраушысы, жақыны, бауыры, қимасы. Қайғылы жағдай әрбір отбасына қиындық алып келері сөзсіз.

- Күнделікті өмірде өрт оқиғалары жиі болып жатады. Биыл облыста қанша жағдай тіркелді?

- Биыл қала және аудандық өрт сөндіру бөлімдері тарапынан 53 өрт оқиғасы талдаудан өткізілді. Былтыр осындай уақыт аралығында олардың саны 60-ты құраған болатын. Зерделеуге жататын өрт оқиғалары тіркелген жоқ.

Биыл 39 мәрте өрт-тактикалық жаттығулар өткізілді. Бұл ең маңызды, қиын ұйымдарда, аудандарда және елді мекендерде өрт сөндіруді ұйымдастыру мақсатында қолға алынып отыр.

Өрт сөндіруші маманның физикалық және психологиялық дайындығы мықты болуы тиіс. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде, өрт кезінде адамды құтқару үшін тез шешім қабылдай алатын қабілетінің болуы талап етіледі. Өйткені, төтенше жағдайда әр минуттың, әр секунд қымбат.

Кез келген төтенше жағдай орын алмас үшін тұрғындар өрт қауіпсіздігіне назар аударғаны лажы. Мәселен, үйде бір қуат көзіне бірнеше техниканы қосып қоятын жағдайлар кездеседі. Ол үй немесе ғимарат салғанда қатаң ескерілуі қажет-ақ. Атап айтқанда, электр сымдары дұрыс жүргізілгеніне назар аударған дұрыс. Автокөлік иелері жол жүрерде техникалық қауіпсіздігін тексертіп алғаны жөн. Оған қоса балаларды үйде қараусыз қалдырмау қажет. Көпқабатты үй терезесінен балалар құлап кетіп жатады.

Ал күз немесе қыз мезгілінде балықшылардың қайықпен көл ортасында қалып қою жағдайлары, көлікпен мұз үстінде жүру салдарынан суға бату оқиғалары болады.

- Мамандарды шыңдау мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы айтсаңыз.

- Біз мамандардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттыруға ұдайы назар аударамыз. Биыл Қызылорда қаласында ерлер және әйелдер арасында өрт сөндіру-құтқару спортынан ел біріншілігі өткізілді. Аталған шара барысында барлығы 400-ден астам маман бақ сынады. Біріншілікте облыстың ерлер құрамасы шабуыл сатысымен екінші және төртінші қабатына шығу бойынша үшінші орын алса, қыздар командалық жауынгерлік қанат жаюда екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ Алматы облысында өткізілген «Қазқұтқару» оқу-жаттығуында біздің мамндар екінші орын алып қайтты.

- Әңгімеңізге рақмет.