Кездесуде әлем назарындағы мәселелер сөз болды

СТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы өкілі, Орталық Азия мемлекеттеріне арналған превентивтік дипломатияның өңірлік орталығының басшысы Мирослав Енча мырзаны қабылдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуде әлем қауымдастығы ерекше атап өтіп отырған, бүгін Астанада өтіп жатқан Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттер күніне арналған халықаралық конференция жөнінде айтылды. Өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің халықаралық күні болып белгіленгені және бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары қабылданғаны анық. Осы орайда кездесуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның үстіміздегі жылы елімізге келген сапары, бұрынғы Кеңес аймағында орналасқан Шығыс Қазақстандағы полигонында болып, әлем қауымдастығын толық ядролық қарусыздану жолында айтқан пікірлерінің маңыздылығы туралы ой қозғалды.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезінде бейбітшілікті нығайту, қауіпсіздікті сақтау, даулы мәселелердің шешілуіне ықпал ету жөніндегі ойлар ортаға салынды. Қазақстан осы мәселелердің оң шешімін табу үшін және басқа халықаралық беделді ұйымдармен бірлесіп қызмет атқаратыны анық.

Қырғызстанның саяси-экономикалық жағдайын тұрақтандыру үшін олардың өздері елдің даму жолын айқындап алуы қажет екені айтылды. Күрделі жағдайдан шығып кету үшін қырғыз еліне гуманитарлық көмек көрсетудің мән-жайы сөз болды.