Кездесуде Нидерланды Корольдігі Қазақстан экономикасына үлкен көлемде инвестиция құйған ел екендігі айтылды
Бұл кездесу Елшінің Қазақстандағы дипломатиялық қызметінің аяқталуына байланысты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжіліс Төрағасы бұл кездесу айтулы күні өтіп отырғанын айтты. Күні кеше Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезі аяқталған еді, ал алдымызда Астана күні - мемлекеттік мереке келе жатыр. Орал Мұхамеджанов ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін Нидерланды еліне ризашылығын білдірді.
Соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың дами түскені атап өтілді. Екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылы 5 млрд АҚШ долларынан асқан. Нидерланды КорольдігініңҚазақстанға құйған инвестициясы 45 млрд АҚШ доллары көлемінде болып отыр. Бұл елімізге келген барлық инвестиция көлемінің 34 пайызын құрайды. Ал Қазақстанның Нидерланды еліне жолдаған инвестициясы 5 млрд АҚШ доллары шамасында болды. Мұның бәрі инвестициялық байланыстарды дамыту жөніндегі келісімдердің нәтижесі екені анық.
Сонымен қатар, екі ел арасында гуманитарлық, мәдени байланыс та өз жолын тауып келеді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастар білім алуда. «Қазір Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Еуропаға жол» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Еуропаға жол дегеніміз - Нидерланды еліне де бағытталған жол деп түсініңіз. Қарым-қатынасымыз келешекте одан әрі арта түсетін болады»,- деді Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов.
Нидерланды елшісі Клаас ванн дер Темпел Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезіне әлемнің ондаған елінен көптеген делегацияның келгеніне таңданғанын жеткізді. Және де осы съездің жоғары деңгейде өткенін айтты. Елші алдағы уақытта Қазақстан мен Нидерланды елдері арасында энергетика, ауыл шаруашылығы салаларын дамыту бойынша бірқатар ортақ істер атқарылатынын мәлім етті. «Қазақстан - Орталық Азия елдері ішінде өзіндік ерекшелігі бар ел. Әлемдік маңызы зор бастамаларды жиі көтеріп келеді»,- деді К. Темпел мырза.