Кездесуде парламентаралық қатынастарды дамытудың маңызы атап өтілді

None
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат. Бүгін Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев Литва Республикасының Сеймі Төрағасының орынбасары Альгис Кашетамен кездесті,
деп хабарлайды Қазақпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Келіссөз барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың бүгінгі жайы мен оны одан әрі дамытуға қатысты пікір алмасты. «Литва Қазақстанның байырғы әрі берік әріптесі болып табылады. Біздің мемлекеттерімізде әріптестіктің сан алуан салаларын қамтитын өзара іс-қимылымызды тереңдетуге барлық мүмкіндіктер баршылық»,- деді М.Көпеев. Парламентаралық үнқатысуды белсенділендіру мәселелеріне тоқтала келіп, төраға орынбасары жоғары заң шығару органдары деңгейіндегі ынтымақтастық мемлекетаралық қатынастардың маңызды өзегі болып табылатындығын атап өтті. Парламент Сенатында Литва Сеймімен ынтымақтастық тобы құрылды. М.Көпеевтің айтуынша, Қазақстан мен Литваның ЕҚЫҰ болашақ төрағалары ретіндегі тығыз өзара іс-қимылы Қазақстан-Литва қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға тың серпін береді. А.Кашета, өз кезегінде Литваның Орталық Азия аймағындағы стратегиялық әріптесі болып табылатын Қазақстанмен екіжақты байланысын одан әрі нығайтуға мүдделі екендігін білдірді.Депутат сонымен қатар парламентаралық қатынастарды дамытудың маңызын атап өтті. Парламенттер арасындағы өзара іс-қимыл екіжақты тұрпатта және халықаралық аренада ортақ мүдделерді алға жылжытуға оң септігін тигізбек. «Алдағы уақытта Литва Қазақстаннан кейін ЕҚЫҰ төрағалық тізгінін алмақ. Осы орайда сіздің елдің Ұйымның жоғарғы лауазымда жинақтаған тәжірибесі біздер үшін өте маңызды. ЕҚЫҰ «үштігіндегі» ортақ жұмысымыз саяси байланыстарымыз бен экономикалық ынтымақтастығымызды нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін ашады»,- деді А.Кашета.