Кезекте тұрған 430 жас отбасы биыл баспаналы болмақ

АСТАНА. 29. қаңтар. ҚазАқпарат - 2013 жылы 116,4 мың шаршы метр, яғни 2063 пәтерлі 7 тұрғын үй кешені пайдалануға берілмек. Бұл туралы аstana.kz сайтына Тұрғын үй құрылысы басқармасынан хабарлады.

2012 жылы тұрғын үйлердің құрылысы 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп, 10 456 пәтерлі 616,5 мың шаршы метр құрылыс аяқталды.

Өткен жылы шілде айында «Қолжетімді тұрғын үй 2020» жаңа мемлекеттік бағдарламасы басталды. Бағдарлама аясында тамыз айында 137,4 мың шаршы метр 8 тұрғын үйдің құрылысы басталып, желтоқсан айында Айнакөл - Қордай көшелерінің қиылысында орналасқан жалпы ауданы 21,0 мың шаршы метр, 420 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.

Басқарманың деректеріне сәйкес, биылғы жылы 116,4 мың шаршы метр, яғни, 2063 пәтерлі 7 тұрғын үй кешені пайдалануға берілмек. Оның ішінде, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің желісі бойынша барлық санаттағы тұрғындарға арналған тұрғын үйдің аумағы 88,1 мың шаршы метр, яғни - 1633 пәтер.

Баспанаға кезекте тұрғандар мен жас отбасыларға арналған тұрғын үйдің аумағы 28,3 мың шаршы метр.