Кезекте тұрған азаматтар дайын коттедждерге кіре алады - «Нұрлы жер» бағдарламасы
Алайда, ондай үйлер тегін берілмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде республика бойынша 1,3 млн. адам жер кезегінде тұр. Енді қараңыз, қазақтың үйінде бала көп қой. Әсіресе, оңтүстік аймақтарда бес-алты баласы барлар жетерлік. Солардың барлығын кезекке қойып қояды. Алайда, бәріне береді деген әңгіме емес қой. Сондықтан біз облыс орталықтарында коттедж қалашықтарын салуды пилоттық режімде іске асырып көргенді жөн көрдік. Қалған өңірлерде, қала, аудан, моноқалаларда (кезекте тұрған бір отбасының бірнеше мүшесіне - авт.) бере берсін. Ал облыс орталықтары «ауылға» айналып кетпес үшін біркелкі коттедждердің болғаны дұрыс деп шештік. Ол жерде бірыңғай стиль, бірыңғай дизайн болады. Осындай талап қойып, алдағы екі жылда көрейік дедік», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитет төрағасы Мархабат Жайымбетов ҚазАқпарат тілшісіне.
Комитет басшысының айтуынша, аталған пилоттық жобаны ағымдағы жылы Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және тағы бірқатар облыстарда іске асыру жоспарланған.
«Бүгінде типтік жоспарлар дайын болып қалды. Құрылыс жұмыстарын бастаймыз, қаржы мәселесі шешілу үстінде. Мердігерлерге бір шаршы метрінің бағасы 120 мың теңгеден аспауы керек деген талап қойып отырмыз. Ал кезекте тұрған азаматтарға ондай үйлер тегін берілмейді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы қаржылық тетіктер (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі және тағы басқа да жолдар - авт.) арқылы таратылады. Дегенмен, негізгі басымдық сол пәтер мен жер кезегінде тұрғандарға беріледі», - деп атап көрсетті Жайымбетов.