Кезектен тыс аттестаттау құқық қорғау органдарының талай лауазымды басшысын жұмсақ орынтағынан қоштасуға мәжбүрледі - Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. 21 шілде. ҚазАқпарат - Осы апта құқық қорғау органдарының талай лауазымды басшылары үшін жайсыз болды.

Өйткені кезектен тыс өткен аттестаттау олардың талайының жылы орынтақтарынан қош айтысуға мәбүрлесе, кейбірінің лауазымы төмендетіліп, тіпті құқық қорғау органдары сапынан да шығарылатындардың есімдері белгілі болды. ҚазАқпарат апта ішінде болған осы және өзге де кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.

 Мәселен, еліміздің Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, Алматы қалалық ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасының бастығы Арман Сарбасов таяу уақытта қызметімен қош айтысады. Себебі, аттестаттау комиссиясы оны қызметтегі шекті жасына жетті деп шешім шығарыпты. 26 жыл бойы жол полициясы бөлімшесінде табан аудармай қызмет еткен А.Сарбасов батальон командирі, Алматы мен Алматы облысы ІІД Жол полициясы басқармалары бастығының орынбасары болып қызмет атқарған. Қазіргі қызметіне 2008 жылдың сәуірінде тағайындалған ол небәрі 5 айдан кейін қызметтік тәртіп талаптарын бұзғаны үшін құқық қорғау органдарынан қуылған болатын. Дегенмен 2009 жылдың 25 сәуірінде сол кездегі Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтың бұйрығымен қызметіне қайта оралған еді.

Ақтөбе облыстық қаржы полициясы департаментінің басшысы Қайрат Бижанов аттестаттау комиссиясының сынынан сүрінді. Оны лауазымды қызметіне лайықсыз деп таныған комиссия жылы орынтағын сәл төмендетуге ұсыныс жасаған. 42 жастағы Қ.Бижанов Қостанай облысының Жетіқара ауданында дүниеге келген. Қостанай ауыл шаруашылығы институтын, Қостанай мемлекеттік университететін бітірген. Қызметтік мансап жолын қарапайым испекторлықтан бастаған ол Қостанай облыстық салық полициясының ерекше маңызды істер жөніндегі аға инспекторы болған. Қостанай облыстық экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған. Қаржы полициясы органдарындағы жұмыс өтілі - 16 жыл.

 Еліміздің кеден органдарында да бірқатар лауазымды қызметкер, нақты айтқанда  өңірлік ведомстволардың 4 басшысы қызметінен кетті. Олар: Қарағанды облыстық кедендік бақылау департаментінің бастығы Ерғали Шиғанбаев, Павлодар облыстық кедендік бақылау департаментінің бастығы Амангелді Нұғыманов және оның орынбасары Нұрлан Мұстафин,  Қызылорда облыстық кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары Болат Тұрсынбеков. Бұдан бөлек тағы да 10 лауазымды қызметкердің лауазымдарын төмендетуге ұсыныс жасалды.

 Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының бұйрығымен Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының бастығы болып Серік Ғаниұлы Қанатбаев тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға облыс әкімінің орынбасары Е.Салықов таныстырды. Серік Қанатбаев 1964 жылы туған. Биология ғылымдарының докторы. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Еңбек жолын туған жері Қазталов ауданындағы «Талдықұдық» ауылында 1980 жылы жұмысшы болып бастаған. 1984-1989 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы  институтында оқып, оны бітіргеннен кейін 1989-1992 жылдары сол жоғары оқу орнында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс жасаған. 1992-1995 жылдары - Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының аспиранты; 1995-1999 жылдары - «Плембиосистема» эмбриондар даярлаушы жетекші маманы; 1999-2001 жылдары - «Желаев астық өнімдері» АҚ заңгер; 2002-2006 жылдары - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық  университетінің оқытушысы; 2006-2012 жылдары - Батыс Қазақстан ғылыми-зерттеу ветеринариялық стансасы филиалының директоры. 2012 жылы Орал қаласының Деркөл кенттік округі әкімдігінің бас маманы лауазымына тағайындалған.