«Қазақстан Республикасы Театр қайраткерлері одағының ұжымы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастаманы қолдайтынын білдіреді. Бүгінде тіл, руханият, дәстүр, ұлттық құндылықтар сияқты бабалардан мирас болған мұраларды дамытуға бағыт-бағдар белгіленген. Асыл мұратқа барар жолда «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы бой көтерді. Ол Қазақстан халқын өзінің бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетімен әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына қол жеткізуге үндейді. Бұл ретте «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы өз жемісін берді. Осы тұрғыда одақ қай кезде де елімізде сахналық өнерге қатысты салалардың дамуына атсалысып келеді. Қазіргі таңда өнер саласы үлкен дәрежеде дамып отыр. Сахна өнерінің дамуына, жалпы мәдениет саласының өркендеуіне мемлекет тарабынан ұдайы қолдау көрсетілуде.
Сондықтан Театр қайраткерлері одағының қоғамдық-шығармашылық ұжымы халықтың ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің рухани, мәдени құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап қалуға барлық күш-жігерлерін біріктіруі қажет. Әлемде жаһандық қаржы-экономикалық тұрақсыздық орын алған жағдайда елдің тұтастығы басты қағидалардың бірі. Осы дағдарыстан сүрінбей өту - бәріміздің ортақ міндетіміз. Әрине, мұндай күрделі кезектерде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу бастамасы уақыт талабы деп ұғамыз. Бұл ертеңін ойлаған елдің байыпты қадамы деп білеміз. Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу бастамасын барлық өнер адамдары атынан бірауыздан қолдауға шақырамыз», - делінген үндеуде.