Кезектен тыс президент сайлауы науқаны барысында ОСК-ға азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерден 317 өтініш түсті

АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс Президент сайлауы науқаны басталғалы азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерден 317 өтініш келіп түсті.

Бұл туралы бүгін 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының өткізілуіне байланысты азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің өтініштерін қарау жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысында мәлім болды.

Отырыс барысында күн тәртібіндегі мәселе жөнінде сөз қозғаған жұмыс тобының мүшесі Әлия Рақышеваның айтуынша, сайлау науқаны басталғалы Орталық сайлау комиссиясына 317 өтініш келіп түскен болса, оның 308-і өтініш те, 9-ы шағым. «Шағымдардың 2-уі сайлау комиссиялары мен оның мүшелерінің әрекеттеріне байланысты түскен. Тағы 4 шағым мемлекеттік органдар мен ұйымдардың және ондағы лауазым иелерінің сайлауға дайындықпен байланысты әрекеттеріне қарсы жолданған. Сондай-ақ 3 шағым сайлау заңнамаларының нормаларын бұзу мен сайлауалды үгіт-насихат науқанымен байланысты болып отыр. Шағымдарды қарау барысында онда көрсетілген фактілер расталған жоқ. Осыған байланысты шағым иелерімен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді»,-деді Ә.Рақышева.

Оның сөзінше, ОСК-ға түскен өтініштердің 299-ын Орталық сайлау комиссиясының өкілдері өздері қарады. Ал 2 өтініш ОСК-ның отырыстарында қаралды. 12 өтініш қарау үшін әкімдіктер мен мәслихаттарға сот, прокуратура және ішкі істер сияқты өзге де бірқатар органдарға жолданған. 4 өтініш қазір қаралу үстінде.