Кезектен тыс президент сайлауына қатысушы дауыс берушілер саны 70 пайыздан кем болмайды - ОСК хатшысы

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Кезектен тыс Президент сайлауына қатысатын дауыс берушілер саны белсенді сайлау құқығы бар азаматтардың 70 пайызынан кем болмайды»,-дейді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов.

Бұл туралы ол бүгін журналистерге берген сұхбатында айтты.

ОСК хатшысының сөзінше, Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының өтетіндігі жөнінде кең ауқымды ақпараттандыру шараларын жүргізді. Сайлаудың өтетіндігі халық көп жиналатын орындардың барлығында хабарландырылуда және насихат жұмыстары жүргізілуде. «Бұған қоса біз сайлаудың өтетіндігін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да жүргізудеміз. Сондықтан сайлаушылардың саны осыған дейінгі сайлаулардан кем болмайды деген ойдамын»,-деді Б.Мелдешов.

Оның айтуынша, сайлаушылардың белсенділігі осыған дейінгі Президент сайлауы мен Парламент сайлауында да жоғары болған. Бұған қоса жақында, нақтырақ айтқанда 27 наурыз күні орны босап қалған мәслихат депутаттарының орнына басқа азаматтар сайланды. «Бұл сайлауда да сайлаушылардың белсенділігі жоғары болды. Ал 3 сәуірде болатын сайлау кезектен тыс Президент сайлауы. Сондықтан мұнда да сайлаушылар белсенділік танытады деген ойдамын»,- деді ОСК өкілі.