Кезектен тыс Президент сайлауының үгіт-насихат науқаны заңбұзушылықтарсыз өтті деуге болады - ОСК хатшысы

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін кезектен тыс Президент сайлауындағы Президенттікке кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін соңғы күн. Ертеңнен бастап кандидаттарға және өзге де азаматтарға үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.

Осыған орай бүгін журналистерге сұхбат берген Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтың айтуынша, үгіт-насихат науқаны заңбұзушылықтарсыз өтті деуге болады. «Дегенмен үгіт науқаны барысында біршама кемшіліктер болды. Кандидаттардың бірқатары билбордтары мен сыртқы жарнамаларының орналастару мерзімі кешіктірілгендігін айтып, шағымданды. Дегенмен бұл мәселелер жедел түрде шешіліп, кемшіліктер түзетілді. Сондықтан науқан барысында айтарлықтай заңбұзушылықтар болды деп айта алмаймын»,-деді ОСК хатшысы.

Оның сөзінше, Президентікке кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары бүгін түнгі 24-00-де аяқталады. Алайда осы уақытқа дейін ілінген барлық билбордар мен плакаттар, парақшалар сол орындарында қалады. Оларға ешкім де тиіспейді. «Ең бастысы ертеңнен бастап кандидаттар немесе олардың сайлауалды штабының өкілдері және еліміздің жекелеген азаматтарына үгіт жүргізуге тыйым салынады»,-деді Б.Мелдешов.