Кезектен тыс президенттік сайлау өткізу мәселесін көтеріп, Елбасы тың жолды ұсынып отыр - Қ. Сұлтанов

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кезектен тыс президенттік сайлау өткізу мәселесін көтеріп, Елбасы тың жолды ұсынып отыр.

Бүгін Ақордада ҚР Президенті Н. Назарбаев Қазақстан халқына Үндеу жасағаннан кейін, журналистерге берген сұхбатында Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов осылай мәлім етті.

«Президент бүгінгі Үндеуде референдум мәселесіне қатысты 5 млн.-нан астам сайлаушыларға, өзіне қолдау білдірген қазақстандықтарға ризашылығын айтты. Парламентке де алғысын жеткізді. Сонымен қатар, бүгінгі қадам Елбасының еліміздің құқықтық кеңістігін кеңінен ойлайтын тұлға екендігін танытып отыр. Яғни, кез келген мәселенің Негізгі заңға сәйкестігін, соған өзінің қамқорлығын көрсету мақсатында Президент осындай шешім қабылдады деп ойлаймын. Бұл шешімді дұрыс әрі әділ шешім деп білемін. Өйткені, бұл кез келген адам үшін де өз мүмкіндігін білдіру болып табылады», - деді сенатор Қуаныш Сұлтанов.

Сонымен қатар, сенатор Конституциялық кеңестің шешіміне тоқтала келе, онда референдум өткізудің мүмкіндігі жоққа шығарылмағандығын айтты. «Алайда, Президент міндетті түрде 2012 жылғы сайлауды немесе міндетті түрде қазіргі референдумды емес, өзінің тың жолын ұсынды. Халықтың сеніміне көз жеткізе отырып, Президент 2 жылдық мерзімінен бұрын сайлауға барып отыр. Яғни, бұның өзі біздің қоғамдық кеңістікте Конституцияның, құқықтық кеңістіктің өз деңгейінде екендігін білдіреді», - деді Қ. Сұлтанов.